Елбасы білім саласы қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойды - Е.Төленов, БҚО

ОРАЛ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат -  Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісі өзінің мазмұндылығымен, білім мен ғылымды дамытудағы өзіндік ерекшелігімен құнды болды.

Елбасы білім саласы қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойды - Е.Төленов, БҚО

Бұл туралы облыстық білім басқармасының бас маманы Ерлан Төленов мәлім етті.

-Білім беру жүйесін жаңғырту бағытында алдымызда үлкен міндеттер тұр, деді ол. Оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістер мен технологияларды енгізу - заман талабы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да білім саласы мемлекет қамқорлығынан тыс қалған жоқ. Бірақ білім берудің жаңа жүйеге көшуі қазіргі заманғы білім жүйесіне батыл өзгерістер жасау қажеттілігін туғызуда. «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» екендігі, сондай-ақ «Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана табысқа жете алатындығы», «Біз білім, ғылым, және инновация билігі жүретін постиндустриялық әлемге кетіп барамыз» дей келе, Елбасы үшінші постиндустриялық төңкеріс дәуірі басталған тұста елдің алдында үлкен міндеттер тұрғанын баса айтты. Қазіргі жаһандану заманында қоғамымызға тек сапалы білімді, жоғары интеллектуалды, жан-жақты, көп тілді меңгерген жеке тұлға қажет.

Жаңа «Білім» арнасының іске қосылуы білім саласы туралы түрлі ақпараттарды алу мүмкіндігін туғызатыны анық. Мектепалды даярлықтан бастап, ЖОО студенттері үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың бәрі еліміздің болашағы - жастар үшін істеліп жатыр.

«Қазақстанның бүгінгі таңдағы білім саласы, жастарды оқыту мен тәрбиелеу жолында айтылған түйінді ойлар мен межелі мақсаттар көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын», деп түйіндеді ойын Е.Төленов.