13:19, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Елбасы биылғы Жолдауда ел алдында тұрған кешенді мәселелерді және олардың шешу жолдарын кең ауқымда көре білетін жалпыұлттық көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді ? Қ. Тоқаев
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысының наурыздың 6-сындағы Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып,
ол туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының наурыздың 6-сындағы Жолдауында бүкіл әлем үшін сын сағатына айналған дағдарыс кезеңінде біздің отандастарымызды толғандырып отырған барлық мәселелерге жан-жақты жауап берілді. Елімізде қалыптасқан қазіргі жағдайға талдау жасалып, шұғыл шешімді талап етіп тұрған күн тәртібіндегі басым міндеттер айқындалды. Ең бастысы, барлық салаларды жетілдіру жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты шаралары белгіленді. Дағдарыс салдарын еңсеру және еліміздің одан кейінгі тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етудің бағдары да нақтыланды. Президент объективті жағдайлардың ықпалына қарамастан, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы өзгеріссіз қалатынын атап айтты. Барша қоғамның өркендеуі, қауіпсіздік пен Қазақстанның әл-ауқатын жақсарту мемлекет үшін аса маңызды міндет болып қала бермек. Елбасы биылғы Жолдауында ел алдында тұрған кешенді мәселелерді және олардың шешу жолдарын кең ауқымда көре білетін жалпыұлттық көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді», - деді Сенат Төрағасы.
Сонымен бірге, Қ. Тоқаев Жолдауда атап өтілгендей, мемлекеттің әлеуметтік төлемдерді, бюджет саласы қызметкерлердің жалақысын көбейту жөніндегі міндеттемелердің толық орындайтынын айта келе, азаматтардың мақсат-мұраты, олардың денсаулығын сақтау, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру, болашақ ұрпаққа қамқорлық жасау ? бірінші кезектегі мәселе екендігіне тоқталып өтті. «Жолдауда экономиканы жаңғырту, оның басым салалары энергетика, көлік және индустрияны дамытудың жаңа жоспарын іске асыруға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және олардың жүзеге асыру қарқыны бәсеңдемей жалғасын табады. Қойылған мақсаттарға қол жеткізуде шикізат секторынан түсетін кірістер республикалық бюджеттің мұқтаждығына жұмсалатын болады. Тағы бір маңызды қаржы көзі ретінде Елбасы бюджет қаражатын қатаң үнемдеу және аса қатал қаржылық тәртіп орнату қажеттігін атап көрсетті. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде Парламентке де қатысты дүние», - деді Қ. Тоқаев.