Елбасы Борис Эйфманның «Қызыл Жизель» балетін тамашалауда
АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайына келіп, осында қойылып жатқан Борис Эйфманның «Қызыл Жизель» балетін тамашалауда.
Мемлекет басшысымен бірге балетті ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Парламенті Санатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин және Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов көруде.
Айта кетейік, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының актерлерінің қатысуымен қойылып жатқан бұл балет П. Чайковский, А. Шнитке, Ж. Бизенің музыкасына жазылған. Бұл қойылым танымал балерина Ольга Спесивцеваның өнердегі қысқа да жарқын өміріне арналған. Көрерменге оның қайғылы тағдырын суреттей отырып, автор ХХ ғасыр би өнері тарихынан сыр шертеді. Басты партияларды - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Рахметова, Дмитрий Сушков, Құралай Сарқытбаева, балет солистері - Фархад Буриев, Әмір Жексенбек ойнады. Сондай-ақ қоюшы суретші ретінде - Мартин Вилькарсис (Рига қаласы) және балетмейстрдің көмекшілері Алина Солонская, Сергей Зимин осы балеттің қойылымына жұмылдырылды.
Заманымыздың көрнекті балетмейстері Ресей Федерациясының Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Борис Эйфман (Санкт-Петербор қаласы) әлемге әйгілі бұл балетті 20 қазанда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында қойды.