Елбасы: Бүгінгі форум әлем үшін алмағайып кезеңде өткізіліп отыр

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінгі форум әлем үшін алмағайып кезеңде өткізіліп отыр.  Бүгін Астанадағы  Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезінің жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай мәлім етті.

Елбасы: Бүгінгі форум әлем үшін алмағайып кезеңде өткізіліп отыр

Президенттің айтуынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері әр уақыттардағы күрделі жаһандық үдерістер ушыққан кезеңінде өткізіліп келді. «Естеріңізде болса, тұңғыш Съезд дінді халықаралық терроризм мен экстремизмнің қатерлі мақсаттарына пайдалануға қарсы қақтығыстарға жауап ретінде бас қостырған болатын. Бұның алдындағы   үшінші Съезд ең қуатты әлемдік жаһандық қаржы дағдарысы шарықтаған кезеңде өтті. Ал қазіргі форумды да біз әлем үшін алмағайыпқа толы өзгерістердің кезінде ұйымдастырып отырмыз. Әлемдік тәртіптің жаһандық трансформациясы басталды. Адамзат жүйелі дағдарыс кезеңін бастан өткеруде. Әлем табалдырығында тұрған жаһандық рецессия көптеген қоғамға ауқымды әлеуметтік жарылыс қаупімен қатер төндіруде», - дей келе Елбасы Н. Назарбаев бұл бағытта бірқатар мысалдарды алға тартты.