Елбасы екі күндік жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді

Сапар бағдарламасына сәйкес, Мемлекет басшысы бүгін Қарағанды қаласындағы «ҚазБелАз» ЖШС қазақ-беларус бірлескен кәсіпорнында болып, оның жұмысымен танысады. Бұл кәсіпорын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің филиалы болып табылатын Қарағанды құю-машина жасау зауытының базасында құрылған. Елбасы ертең Теміртау қаласына барып, сонда өтетін Қазақстан магниткасының 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысады.
Айта кетейік, биыл Қарағанды металлургия комбинатының құрылғанына 50 жыл толып отыр. 1960 жылғы шілденің 3-інде Қарағанды металлургия комбинатының 1 домна пешінде қазақстандық алғашқы шойын өндірілген болатын. Сапар аясында Президент домна пешіндегі шойынның мерейтойлық шығаруына қатысады.
Сондай-ақ Н. Назарбаев ертең Теміртаудағы Металлургтер мәдениет үйінде өтетін салтанатты жиналысқа қатысады. Президент Қазақстан магниткасының құрылысына, Теміртау қаласын және еліміз өндірісін дамытуға зор үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградаларды тапсырады деп күтілуде.