Елбасы елордада ашылатын Оқушылар сарайында балалар мен жасөспірімдер үшін Ұлттық интерактивті парк құруды ұсынды

АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада ашылатын Оқушылар сарайында балалар мен жасөспірімдер үшін Ұлттық интерактивті парк құруды ұсынды. Бұл ұсынысты Елбасы Алматыда өткен Қазақстан ғалымдарының форумы барысында жасады.
None
None

«Менің тапсырмам бойынша ТМД-да алғаш рет «Томсон Рейтерс» (АҚШ), сонымен қатар «Шпрингер» (Германия) компанияларының ақпараттық ресурстарына біздің зерттеушілердің кіруіне рұқсат алу мәселесі шешілді. Бұл жаһандық ауқымдағы ғылыми ақпараттардың тұтастай қабаты. Қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми басылымдарында авторлық жарияланымдары үшін мүмкіндік ашылуда. Сонымен қатар бізге отандық ғылыми-ақпараттық кеңістікті дамыту қажет», - деді Елбасы.

Осы орайда қазақстандық ғылыми журналдардың сапасын арттырып, олардың әлемдік деңгейдегі танымалдығын кеңейту қажеттігін баса айтқан Мемлекет басшысы: «Ақпарат және байланыс министрлігі Білім және ғылыми министрлігімен бірлесіп, жасөспірімдер, жастар және жас мамандар үшін ғылыми басылым құру бағытында жұмыс істеуі қажет», - деді.

Бұл орайда Президент кезінде «Жас натуралист», «Жас техник», «Жастар техникасы» сынды журналдардың жарық көргендігін әрі ол басылымдардың жастарға тәлім-тәрбие беріп, ғылымға тартқандығын атап өтті.

«Ғылымға мамандандырылған қазақстандық интернет-сайт құру қажет. Таяуда Қазақстан тәуелсіздігі күні қарсаңында Астанада Оқушылар сарайы ашылады. Онда балалар мен жасөспірімдер үшін Ұлттық интерактивті парк құруды ұсынамын. Білім және ғылым министрлігі елорда әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселені шешуі қажет», - деді Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар