«Елбасы» - ең мәртебелі, құрметті атақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2011 жылы Қазақстан халқы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. 20 жылда Қазақстан Кеңес Одағы құрамында болған бодандық белгілерден толықтай құтылып жаңа сападағы тәуелсіз мемлекетке айналды. 2010 жылы Қазақстан әлемдегі беделді халықаралық ұйым - ЕЫҚҰ төрағалық етсе, 2011 жылы құрамына 57 ел кіретін, 1 млрд.200 млн халқы бар «Ислам конференциясы» ұйымына төраға болды. Қазақстан ұсынысымен бұл ұйым «Ислам ынтымақтастығы ұйымы» болып атауын өзгертті.
Қазақстан әлемнің 150-ден астам мемлекеттерімен сауда-экономикалық және дипломатиялық қатынастар орнатты. Еліміз әлемдік саясатқа ықпал етіп отырған халықаралық ұйымдарға мүше болды. Осы жетістіктер Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналғандығын көрсетті. Қазақстанмен әлемдік басым державалар түгел дерлік ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатты.
2011 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жаман болған жоқ. Мұнай бағасы бір барреліне 90 долларға жетіп, өсу үстінде болды. Мемлекет зейнетақылар мөлшерін және мұғалімдер жалақысын 30 пайызға өсіре алды. Зейнетақы мөлшері: төменгісі 24 мың теңге, орташысы 36 мың теңге, жоғарғысы 52 мың теңгеге жетті. 16 млн. адамға жеткен ел халқының 1,6 млн. адамы зейнетақы алды. «Алматыметроқұрылыс» компаниясына 30 млрд. теңге қаржы бөлініп Алматы метросының бірінші бағытын іске қосуға мүмкіндік туды. Жаңадан ашылған метро өте әсем құрылыс-сәулет өнерінің үлгісін көрсетті. Метромен күн сайын 33 мыңнан астам халық жүре бастады. Елдегі автокөліктер экологияға зияны аздау «ЕВРО-3» бензин стандартына көшірілді. 2011 жылы Қазақстан теңге құнын жасанды ұстап тұратын валюталық дәлізден бас тартты. Бірақ та Ұлттық банк теңге бағамын қолдау саясатынан әлі де бас тартқан жоқ.
Қазақстан біршама қолайлы жағдайда мемлекеттіліктің 20 жылдық мерекесін атап өтті. Мерекелі датаға байланысты Астанадан бастап барлық қалалар мен ауылдар елдік символдарды айшықтайтын көрнекілікпен безендірілді. «Тәуелсіздік ең басты құндылық» идеясымен айшықталған ондаған, жүздеген бұқаралық-саяси шаралар өткізілді.
2011 жылғы ең басты саяси оқиға сәуір айында өткен кезектен тыс президент сайлауы болды. Елбасының президенттік өкілеттілігін жалпыхалықтық референдум өткізіп ұзарту туралы ұсыныс та түскен еді. Бірақ та Елбасы сайлауға түсуді дұрыс деп тапты. ОСК деректері бойынша сайлауға қатысқандардың 99,5 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Дауыс беру Қазақстан халқы Назарбаевтың саясатын, қызметін қуаттайтындығын дәлелдеді. Халық оның президенттік қызметті жалғастыруын қалады. Елбасы халық сеніміне лайықты боламын деп сендірді. Президентке «Елбасы» құрметті атағы 14 желтоқсан күні Парламенттің ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында берілді. 1 желтоқсан күні жаңа мереке Тұңғыш Президент күні мейрамы болып белгіленді. Алматы метросының ашылуы салтанатына Елбасы қатысты.
13 қазанда Президент «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» жаңа заңға қол қойды. Қазақстанда Дін істері жөніндегі Агенттік құрылып оны белгілі мемлекет қайраткері Қайрат Лама Шариф басқаратын болды. Батыс елдеріне ұнай қоймаған бұл заңның мақсаты Қазақстан халқын діни бөлінуден, алшақтаудан сақтау болды. Мемлекеттік мекемелерде, әскери бөлімдерде, білім және денсаулық сақтау ұжымдарында діни рәсімдерді орындауға тиым салынды. Қазақстан зайырлық мемлекет ретінде дамуды баянды ете түсті.
Алматы мен Астанада ҮІІ қысқы Азия ойындары жоғары деңгейде өтті. Мемлекет 200 млрд. теңге жұмсап көптеген спорттық нысандарды күрделі жөндеуден өткізді. Мұнай бағасының қымбаттауы бюджетке қомақты қаржы түсірді. ЖІӨ көлемі 2011 жылы да 7 пайызға өсім көрсетті.
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылым докторы, профессор
«Ана тілі» басылымы