Елбасы қамқорлығын шалғайдағы ауыл-аймақ тұрғындары да айқын сезініп отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасымыз биылғы Жолдауында: «Біздің жетістіктерімізді мойындай отырып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосты. Бұл - біздің өскен әл-ауқатымыздың даусыз дәлелі! Он жылда 350 мың отбасы - бұл шамамен 1,2 миллион адам тұрғын үйге ие болды», деп атап көрсеткен болатын. «Міне, мен сол 350 мың отбасының немесе 1,2 миллион адамның бірімін! Өткен жылдың желтоқсан айында төрт бөлмелі пәтердің кілті қолыма тигенде қатты толқыдым. Баспананың зарын тартқан, қоларбаға таңылған менімен бірге уайымдап, көңілдері пәс тартып жүрген бес жарығым - бес қызым да сондай қуанды. Бұрын құқық қорғау органдарының ғимараты болған үйдегі, өмірі жылынбайтын әрі сыз бөлмеден «расымен құтылдық па?» деп әлі күнге ішімнен күбірлеп қоямын. Қазіргі пәтерім жып-жылы, тіпті моншасына дейін бар. Жұмақтың төріне көшіп келгендей күй кешудеміз. Бұл - «елім» деп елжіреген Елбасымыздың басқа саланы айтпағанда, тұрғын үй саясатын сындарлылықпен әрі табандылықпен жүргізіп келе жатқан қамқорлығының біздер сияқты миллиондаған жандарға көрсеткен бір көрінісі деп білемін», дейді ол.