Елбасы Қазақстан халқының жаңажылдық тілектері туралы айтты

«Мен ауылда туып өстім. Балалық шағымызда біздің ауылда шырша деген болған емес. Жаңа жылда бір ғаламат тосын сыйды күту деген болмаған. Бірақ бұл кезде баршаға ортақ қуаныш сезімі байқалады. Жаңа жылды баршасы күтеді. Менің ойымша, өткен жылы, яғни 2017 жылдың қарсаңында барлық қазақстандықтар бірінші кезекте отбасының амандығын, бала-шағасының саулығын, табысты болуын, елдің тыныштығын, тұрақтылықты тіледі. Осы орайда олардың армандары мен тілектері жылдың соңында жүзеге асты деп ойлаймын», - деді Президент отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Мемлекет басшысы алдағы жылы да Қазақстан халқы осы тілектерді тілейтінін айтты.
Сонымен қатар, Н. Назарбаев бүгінде жұмысқа тұра алмаған, табысы төмен немесе денсаулық жағдайы нашар адамдары бар отбасыларға ауыр салмақ түсіп жатқанын, бұл ретте халық болып бұл адамдарға қолдау білдіру қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан халқы елдегі тыныштық, этникааралық келісім, діни сенім бостандығы, отбасыдағы амандықтың сақталғанын тілейді. Осы ниеттер мен армандардың барлығы орындала бергенін қалаймын. Сондықтан да Қазақстанда осылай болуы үшін бар күш-жігерімді салып жұмыс істеймін», - деп атап өтті Президент.