Елбасы: Қазақстан МАГАТЭ-нің сенімді серіктесіне айналды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бейбіт атом энергиясына жауапты МАГАТЭ-нің сенімді серіктесіне айналды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкі ғимаратын салтанатты ашу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы Қазақстан әлемдегі төртінші арсеналдан бас тартып, ядролық қаруды жаһандық таратпаудың көшбасшы мемлекетіне айналып, екпінді қадамдарды еңсергенін қадап айтты.

«Қазақстан бейбіт атом энергиясына жауапты БҰҰ-ның жалғыз құрылымы - МАГАТЭ-нің сенімді серіктесіне айналды. МАГАТЭ-ге Төмен байытылған уран банкін орналастыру мүмкіндігін ұсына отырып, Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға кезекті үлесін қосты. Екіншіден, ядролық отынды қауіпсіз түрде жеткізудің бірегей тетігі құрылды»,-деді Н. Назарбаев.

Бұл тұрғыда Президент аталған банк толықтай МАГАТЭ-нің қадағалауында қызмет ететінін атап өтті.

«Жаңа ғана Қазақстанда МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін салтанатты ашу рәсіміне куәгер болдық. Біз еліміз бен барша әлемдік қоғамдастық үшін ерекше мәні бар күнде жиналып отырмыз. Осы күні, яғни 1991 жылдың 29 тамызында менің Жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Сынақ алаңында 49 жылдың ішінде Қазақстанның халқы тығыз орналасқан аумағында 550-ден астам ядролық заряд жарылды. Оның салдарынан 1,5 млн адам зардап шекті, үшінші ұрпақтың өзінде осы сынақтардың тауқыметін сезініп отырмыз»,-деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар
telegram