Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасы Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін белгілейтін Заңға қол қойды

АНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін белгілейтін конституциялық Заңға қол қойды.

Елбасы Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін белгілейтін Заңға қол қойды

"Мемлекет басшысы еліміздің Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізуге және Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін белгілейтін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңдарды іске асыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды",- делінген ҚР Президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңында кезектен тыс Президенттік сайлау ҚР Президентінің шешімімен тағайындалады және ол тағайындалғаннан кейін 2 ай мерзімде өткізіледі. Президенттің кезектен тыс сайлауы осы Конституциялық заңда Президенттің кезекті сайлауы үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

Президент кезектен тыс сайлауда сайланған жағдайда не Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Президент өкілеттігін қабылдағанда, ант беру президенттік сайлау қорытындысы жарияланған не Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі. Бұл жағдайларда ант беру күнін Республиканың Орталық сайлау комиссиясы айқындайды. Ант беру салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың барлық бұрынғы Президенттерінің қатысуымен өткізіледі. Кезектен тыс сайлауда сайланған Республика Президентінің өкілеттігі кезектен тыс сайлаудан кейін бес жылдан соң желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуге тиіс кезекті сайлауда сайланған Республика Президенті лауазымына кіріскенге дейін жүзеге асырылады

Айта кетейік, 31 қаңтар күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 14 қаңтарда Парламент қабылдаған, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Президенттік өкілеттігін референдум арқылы ұзарту мүмкіндігін қарастырған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерту мен толықтыру енгізу туралы Заңды Конституцияға сәйкес емес деп таныған қаулысына байланысты Қазақстан халқына Үндеу арнады. Президент Үндеуінде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдағанын, Қазақстанда мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсыныс енгізетінін айтты.

1 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын өндіріске алды. Ал бүгін, 3 ақпан күні түске дейін Төменгі палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасын мақұлдап, оны Санатқа жіберген болатын. Түс ауа Сенат Қазақстанда мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өткізуді қарастыратын аталмыш заңды қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберген болатын.





ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢКОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы

1-бап.Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:

1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 17-18, 114-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 192-құжат; 1998 ж., № 7-8, 71-құжат; № 22, 290-құжат; 1999 ж., № 10, 340-құжат; № 15, 593-құжат; 2004 ж., № 7, 45-құжат; 2005 ж., № 7-8, 17-құжат; 2006 ж., № 23, 138-құжат; 2007 ж., № 12, 85-құжат; 2009 ж., № 2-3, 5-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат):

1) мынадай мазмұндағы 51-1-баппен толықтырылсын:

«51-1-бап. Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы

1. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

2. Кезектен тыс сайлаудан кейінгі Президенттің кезекті сайлауы бес жыл өткен соң осы Конституциялық заңда белгіленген мерзімде жарияланады.»;

2) мынадай мазмұндағы 66-1-баппен толықтырылсын:

«66-1-бап. Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу

Президенттің кезектен тыс сайлауы осы Конституциялық заңда Президенттің кезекті сайлауы үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.».

2. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 172-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 10, 343-құжат; 2006 ж., № 23, 137-құжат; 2007 ж., № 12, 82-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат):

1) 3-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде өткізіледі.

Президент кезектен тыс сайлауда сайланған жағдайда не Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Президент өкілеттігін қабылдағанда, ант беру президенттік сайлау қорытындысы жарияланған не Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі. Бұл жағдайларда ант беру күнін Республиканың Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

Ант беру салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың барлық бұрынғы Президенттерінің қатысуымен өткізіледі.»;

2) 4-бапта:

1-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

«1-1. Кезектен тыс сайлауда сайланған Республика Президентінің өкілеттігі кезектен тыс сайлаудан кейін бес жылдан соң желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуге тиіс кезекті сайлауда сайланған Республика Президенті лауазымына кіріскенге дейін жүзеге асырылады.».

2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.НАЗАРБАЕВ

Астана, Ақорда
3 ақпан, 2011 жыл
№ 404 - IV - ҚРЗ