Елбасы Қазақстандағы мал шаруашылығын дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат. Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері бойынша жұмыс бабындағы кеңес өтті.
Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Б.Сұлтанов, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев, «ҚазАгро» АҚ Басқарма төрағасы А.Мамытбеков қатысты.
Кеңес барысында мал шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесі, сондай-ақ ел экономикасының аграрлық секторының жалпы жағдайы талқыланды.
2010 жылы Қазақстан Республикасында 12,2 миллион тонна астық жиналды. Майлы дақылдардың жалпы жиынтығы - 775,5 мың тоннаны, көкөніс - 2,6 миллион тоннаны құрады. 2010 жылы Қазақстанда 1,4 миллион тонна ет, 5,1 миллион тонна сүт, 3 432,5 миллион дана жұмыртқа, 35,8 мың тонна жүн өндірілді.
Барлық түрі бойынша мал басы мен құс санына келсек, елімізде мүйізді ірі қара саны - 6,5 миллион бас, қой мен ешкі - 19,0 миллион бас, жылқы - 1,56 миллион бас, түйе - 164,9 мың бас, құс - 34,8 миллион бас, шошқа - 1,56 миллион басты құрады.
Қазақстанда мал шаруашылығы саласын дамытудың негізгі мақсаты - еліміздің ішкі сұранысын мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ету және оның экспорттық әлеуетін іске асыру болып табылады. Аталған мақсатқа ағымдағы жағдай мен ішкі сұраныстың арту перспективасын ескере отырып, қолда бар асыл тұқымды мал басының сапасын арттыру есебінен қол жеткізу мүмкіндігі бар. Іске асырылатын шаралар есебінен елімізде 2015 жылы асыл тұқымды мал басының жалпы санын 2 есеге дейін арттырып, ал 2020 жылы - 4 есеге арттыру жаспарлануда. Асыл тұқымды мал басының жалпы саны 2020 жылы 2 есеге арттырылмақ. Бұл өз кезегінде, ішкі рыноктың сұранысын жоғары сапалы сиыр етімен толық қанағаттандыруға және экспорттық әлеуеттің біртіндеп артуына алып келеді. Осы ретте, Қазақстан 2013 жылы 13 мың тонна, ал 2020 жылы 83 мың тонна сиыр етін экспортқа шығаруды көздеп отыр.
Кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.