Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасы ҚР Премьер-Министрі лауазымына Кәрім Мәсімовтың кандидатурасын ұсынды

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада өтіп жатқан ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағы да Кәрім Мәсімовтың кандидатурасын ұсынды.

Елбасы  ҚР Премьер-Министрі  лауазымына Кәрім Мәсімовтың кандидатурасын ұсынды

«Ойланып-толғанып, мен сіздерден Кәрім Мәсімовты Премьер-Министр етіп тағайындауға келісімдеріңізді беруді өтінемін», - деді Н. Назарбаев жалпы отырыста депутаттарға қаратып айтқан сөзінде.

Елбасы осы жылдар ішінде алдыңғы Үкіметтің құрамы мен Парламент қоян-қолтық жұмыс істегенін, сол кезеңде күрделі дағдарысты жағдайлар болғандығын, мемлекет ол қиындықтарды еңсергендігін атап көрсетті. "Екінші жағынан біз индустриялық бағдарламаны жүзеге асырудамыз. Әлемде ешкім де өткен дағдарысты қайтадан қайталанбайды деп есептей алмайды. Осыған байланысты және Премьер-Министрдің өзі Парламентпен тығыз жұмыс істегендіктен Кәрім Мәсімовтың кандидатурасын қолдауды сұраймын», деді Н. Назарбаев.

Елбасы алдыңғы Үкімет «бір жағадан, бір жеңнен қол» шығарып жұмыс істегендігін атап көрсетті. «Бүгінгі күн үшін және Үкіметтің тиімді жұмыс істеуі үшін осы кандидатураны барынша қолайлы деп білемін», - деді Н. Назарбаев.

Президенттің пікірінше, Кәрім Мәсімов Үкімет басшысы лауазымында өзін алдыға қойылған міндеттерді орындай алатын, әріптестерінің ынтымақты жұмысын ұйымдастыра білетін кәсіби адам ретінде көрсете алды. Президент Кәрім Мәсімовке Үкіметтің алдыңғы құрамы әзірлеген бағдарламаларды жүзеге асыруды жүктегенін атап көрсетті.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында жаңа мерзімге қайта сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтіп, Елбасы Қазақстан халқының алдында ант қабылдап, президенттік қызметіне ресми кірісті. Содан кейін Үкіметтің шұғыл отырысы өтіп, оның барында ҚР Конституциясының 70-бабының 1-тармағына сәйкес Кәрім Мәсімов басқарған Қазақстанның жетінші Үкіметі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарды.

Ал түстен кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мерзімдегі президенттік қызметіне кіріскен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаратын болсын деген Жарлыққа қол қойды.

Жарлықта Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабына сәйкес жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілеттігін доғаруына байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаратын болсын деп қаулы етілген. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі