Елбасы күрделі жөндеуден өткен Республика Сарайының ішін аралап шығып кешеннің жаңа келбетіне оң баға берді

None
None
АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Республика Сарайы салтанатты түрде ашылды.

Естеріңізге сала кетсек, бұл мәдениет ошағына салынғаннан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, өткен, 2010 жылы күрделі жөндеуге жабылған болатын. Міне, Республика Сарайы өз есігін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қайта ашып отыр. Бұл - сарайдың 40 жылдық тарихындағы алғашқы жөндеуден өтуi.

Елбасы күрделі жөндеуден өткен Республика Сарайының ішін аралап шығып кешеннің жаңа келбетіне оң баға берді.

«Тарихи келбеті сақталып, ішкі және сыртқы келбеті бүгінгі заман талабына сай қайта жаңартылды. Қысқа мерзім ішінде Алматының ең үлкен мәдениет кешені күрделі жөндеуден өтті. Бұл орайда құрылыс мамандарының сіңірген еңбектерін атап өткім келеді. Ошақтың ішкі және сыртқы келбеті бүгінгі заманғы талапқа сай өзгерді. Қайта жөндеу жұмыстарына 10 миллиард 400 мың теңге жұмсалды», деді Кazkor жобалау академиясының бас архитекторы Тоқтар Ералиев.

Ішкі құрылымына өзгеріс енгізілді, соның арқасында мұнда 50 орынды конференц-зал, сұлулық салоны, аудиокиоскі, ән жазу студиясы және тағы да басқа өзге де бөлмелер қосымша салынды. Мәдениет ошағында мүгедек адамдардың кіріп-шығуы да қарастырылған. Сарайдың сыртқы қанаттары, баспалдақтары, блоктары да жаңартылды. Өрт қауіпсіздігі шаралары да мықтап қолға алынған, сахнаға өртке қарсы шымылдық ілінді. 300 автокөлік тұратын орын да салынды. Сондай-ақ, ең бастысы, қауіпсізік шараларына барынша назар аударылған. Мамандардың айтуынша, әрлеу жұмыстарына барынша сапалы, экологиялық жағынан пайдалы, қауіпсіз, эстетикалық талғамға сай материалдар пайдаланылған.

Залдың акустикасы да жақсарды. Көремендер отыратын орындықтардың арасы кеңірек қылып жасалды. Бұрын зал 3000 адамға арналса, қазір залға 2600 адам сияды.

Республика сарайы ұзақ жылдардан бері Қазақстан ғана емес ТМД аумағындағы ең ірі концерттік кешендердің бірі болып келді. Архитектуралық шешімі үздік ғимарат 1970 жылы пайдалануға берілген болатын. Ғимараттың авторлары В.Алле, В.Ким, Ю.Ратушный, Н.Рипинский, А.Соколов, Л.Ухоботов 1971 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Әр жылдары бұл сарайда съездер, жиындар, мерекелік жиналыстар, концерттер, кинофестивальдер және тағы да басқа маңызды саяси және мәдени шаралар өтті. Ғимарат 3 мың адамға арналған.

Соңғы жаңалықтар