Елбасы құттықтауы батысқазақстандық балдырғандарға да жетті

ОРАЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Елбасы шыршасы болды.
None
None

Орал қаласы мен облыс аудандарынан 160 балдырғандар қатысқан мерекеде монитор арқылы Елбасының балдырғандарға арналған жаңажылдық бейне құттықтауы берілді. Оны балалармен бірге тыңдаған соң, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасының құттықтау хатын оқып берді. Кешке қатысушы әр балаға жолданған бұл хатта «Айналайын, сені Жаңа жылыңмен шын жүректен құтықтаймын! Жаңа жылда шуақты күндерің мол болсын! Бұл жыл саған жақсылықтар әкеліп, жаңа табыстар мен жетістіктерге жеткізсін. Жаңа жылда ойлаған арман-мақсаттарыңның орындалуына тілектеспін. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», делінген. «Елбасымыздың құттықтауына қосыла отырып, сіздерді Жаңа жылдарыңмен құттықтаймын. Осы жылы бәріңіз оқуда, спортта, өнерде алдыңғы қатарда бола білдіңіздер. Келер 2014 жылы да ата-ана, аға-апаларыңыздың, мұғалімдеріңіздің айтқанын тыңдап, жақсы жетістіктерге жетулеріңізге тілекшімін», деді облыс әкімі.

Дәстүрлі жаңажылдық кеште Қазақ елінің символдары Барыс, Алтын адам, Қыран төрден көрінді. Көріністерге қатысқан ертегі кейіпкерлері - Қар патшайымы мен Мыстан кемпір, Қожанасыр, Дәу, шетелдік мультфильм кейіпкерлері Шрек пен жоғарыдан өрмелеп түскен Өрмекші адам да балалардың кешін әрлендіріп жіберді. Түрлі ойындар ұйымдастырылып, би биленді. Ортаға шанамен сырғып жеткен Аяз ата мен Ақшақар балаларға игі тілектерін арнаса, өтіп бара жатқан Жылан жылы ізгі тілектер жазылған тұмарды Жылқы жылының мойнына ілді.

Кешке қатысушы әр бала Президенттің жаңажылдық сыйлығына ие болып, тәттілер дастарханынан ауыз тиді. Салтанатты кеш соңында балалар облыс әкімімен естелік суретке түсті.

Соңғы жаңалықтар