Елбасы Қырғызстан президентінің Euronews-ке берген сұхбатына қатысты өз ойын білдірді
«Жақында біздің Премьер-Министр болып келді Қырғызстанда, президент Атамбаев оны қабылдады. Өзімнен сондай ағаттық кетіпті, оған неге көңіл бөлесіздер деп ол да айтып жатыр. Екінші жағынан ұлы Абайдың: «Қырғыз-қазақ бір туған дегенді дүниеде қолдамайтын ешкім жоқ», деп айтқан сөзі бар. Сондықтан біз көршілес елміз. Президенттер, басшылар келеді, кетеді екі халық қалады. Оған онша көңіл бөле бермеу керек, оларда сайлау болып жатыр, жағдайлары қазір басқаша, өзгертіп жатыр, парламент сайлауы да болады. Сайлау кезінде болады ғой барлығы. Түсіндіре кететін жағдай, 2010 жылды айтты ғой ол, сол жылы быт-шыт болып, төңкеріске ұласып, заңды отырған президентті құлатып, қуып шығып жатқан кезде, түрмедегі кісілерді шығарып жіберді, барлық сотқарлар бізге қарай лап еткен кезде жаптық шекараны, болашақта солай болатын болса, тағы да жабамыз. Қай мемлекет жаппайды шекарасын?! Түркия да жауып жатыр, олардан кезінде Өзбекстан да жапты, Тәжікстан да жапты. Сондықтан, ол жерде ешкімнің кінәсі жоқ, кінә сол жерде болған жағдайда», - деп атап өтті Президент отандық телеарналарға берген сұхбатында.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан билігі, керісінше, бауырлас, көршілес елге көмек қолын созудан жалыққан емес, алда да көмек көрсетуге мүдделі.
«Керісінше, елдің ішінде азаматтық соғыс орын алмасын деп мен Бәкиевті елден алып шықтым. Оның төңірегінде қаруланған өте үлкен топ болатын. Бішкекке барып, барлығын қиратамыз деп отырған кезінде, Отунбаева ол кезде мемлекеттің басшысы болатын, соның қолхатымен, оны алып кетуді сұраймыз дегеннен кейін, ұшақтарды жіберіп, әскерилерді жіберіп, мен алып шығып, соны тыныштатқанмын. Сондықтан оған мән бере берудің қажеті жоқ, саясаткер болу үшін, ел басқару үшін, кәдімгідей пілдің терісіндей, терің болу керек. Ол өтімді-кетімді, бүгін айтты, ертең кетеді сөз деген. Әрине басшы болғаннан кейін, әр сөзді ойланып сөйлеу керек», - деп атап өтті Елбасы.
«Жалпы туысқан, бауырлас екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа сол арқылы сызат түседі деп мен ойламаймын. Жағдайлары оңай емес олардың да. Көмектесіп отырмыз, әлде де көмектесе береміз. Жақында біз 40 миллион ақша бөлдік. Шекарада зертханаларын үнемдеу үшін, бізге ет, сүтін әкелу үшін 40 миллион доллар бердік. Мен ақша жіберіп, Ошта барлығы қирап қалған кезде 2 мектеп салғыздырдым. Гуманитарлық көмекті де беріп тұрамыз. Сондықтан біз ағайынбыз ғой, көршілес. Қырғызстанның да, Өзбекстанның да, Тәжікстанның Қазақстанда шығар жолы. Теміржолы да бізден, автокөлік жолы да бізден, ұшақтары да бізден келіп отырады, байланыс та бізден. Достықты сақтау керек. Бірлікті сақтау қажет. Одан артық қазына жоқ», - деп түйді сөзін Н. Назарбаев.
Айта кетейік, ақпан айында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Euronews телеарнасына сұхбат беріп, ел тұрғындарының құрбан болуына Қазақстанды айыптаған болатын.