Елбасы мақаласы жастарға жол көрсетеді

Мақаласының «Білімнің салтанат құруы» деп аталатын бөлімінде Президент: «...Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу - біздің қанымызда бар қасиет. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіп, өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз», - деп, озық білім мен жаңа, төл ғылымды игерген елдің келешегі баянды болатынына ерекше назар аударады.
Осы тұста баса ескертіп өтетін нәрсе, жастарға, еліміздің болашақ иелеріне дұрыс жол көрсетіп, жөнге салу өте маңызды іс дер едік. Керек десеңіз, бұл сала маңыздыларының ішіндегі маңыздысы.
Елбасы айтып жүрген бүкілқазақстандық біртектіліктің рухани ұстыны тәлім-тәрбие беруші құрылымдардың іс-әрекеттерімен тікелей байланысып жатыр. Демек, білім беру саласына, оның бүкіл құрылымдарына «...Оқыту арқылы тәрбиелеу және мінез-құлықты қалыптастыру» деген бұрынғы басты гуманитарлық ұстанымды қайтарғанымыз абзал.
Мұндағы білім беру мен әрбір адамның интеллектуалдық мәдениетін, ұлттың санасын кемелдендіруді көздегендегі басты мақсат - заман талабына лайық жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті болу өз алдына, уақытты үнемді, ұтымды қолдану, яғни, еңбекті ғылыми тұрғыда ұйымдастыра білу, қағазбастылықтан арылу, кәсіби біліктілігі жоғары, талантты адамды қолдап-қорғау, оған даңғыл жол ашу, әділетсіздік, опасыздық, екіжүзділік секілді келеңсіз істерге тойтарыс беру, үйренген білімді ісінде, сөзінде, қимыл-әрекеттерінде қолдану, яғни, бейнелеп айтқанда, тіршілікке қажетті сәулені сырттан алмай, өз жаныңның түкпірінен іздеп табу, соны алу.
Егер, білім мен мәдениетті дамудың стратегиялық рухани ресурсы деп қарастыратын болсақ, онда экономикадағы, технологиядағы, тіпті, қоғамдық қарым-қатынастардағы көптеген өзекті мәселелер өзінен-өзі шешімін табатыны сөзсіз. Бұлар - бірбеткейлік пен ашу-ызаға, бейберекетсіздік пен зорлық-зомбылыққа, яғни біздің өміріміздің барлық саласындағы тәртіпсіздіктерге қарсы тұра алатын асыл қасиеттер.
Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды мәселесі - туған жерге деген махаббат. Шындығында да, туған жерді қорғау, туған елге қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға туған жер мен елге деген сүйіспеншілікпен байланысты болатыны белгілі. Өзінің туған жері мен өскен өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген әрбір азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Бұл - аксиома.
Дана халқымыздың: «Отан - отбасынан басталады», - деуі сондықтан. Мақала авторы бұл жайында былай дейді: «Қазақ «туған жерге туың тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, туған жерге оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриоттықтың маңызды көріністерінің бірі».
Сондықтан да, ұлттың патриоттық рухын жаңғыртуда «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламаларының мәні орасан зор. Түсінген адамға «Туған жер» дегеніміздің өзі - «Киелі мекен» деген мағына береді, ал, ол тұтастай алғанда, «Ұлы дала елі» деген үлкен ұғымға алып келеді.
Дүние - дөңгелек. Уақыт сол дөңгелектің бойымен зыр қаққан ұршыққа ұқсайды. Уақыттың ұршығы әрқашан іс-әрекетте, қозғалыс үстінде көрінеді. Яғни, уақыт бір орында тұрмайды, ол алға озған сайын өзгерістерге түсіп отырады.