Елбасы Орал қаласында «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» республикалық форумына қатысты (ФОТО, ВИДЕО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласындағы теннис кешенінде «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» республикалық форумына қатысты.
None
None

Форумға 2100-ден астам батысқазақстандық жастар, сондай-ақ алды әлемге танымал спорт, шығармашылық сала, жұмысшы және студенттер өкілдері жиналды. Тікелей телекөрсетілімге сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарының жастары да қосылды.

Елбасы республикалық форумға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.

«Елдің жарқын ертеңі де, басты үміті де сіздерсіздер. Менің бастамаларымды үнемі қолдап келесіздер. Айталық, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша елімізде 115 мың гектар жерге 50 млн. түп ағаш отырғызылды. Кейбіреулердің «Бұл жерде ағаш өспейді» дегеніне қарамастан, Астананың төңірегінің өзіне 70 мың гектарға көк өскіндер егілді. Біз осылайша әр өңірді гүлдендіретін болсақ, болашаққа әдемі табиғат сыйлайтын боламыз. Табиғаты қатал аймақты жасыл елге айналдырып жатқан жалғыз біздің ғана мемлекет. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес 30 мың жас ауылдарға аттанды. Біздің бәріміз шыққан алтын бесік - ауылға барып, еңбек ету Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі болып табылады. «Болашақ» бағдарламасы аясында он мыңнан астам білімді жастар шет елдерде оқып, Қазақстанға оралып, еңбек етуде. Қазіргі кезде әр жастың елімізде кемел білім алып, өзі қалаған жұмысқа орналасуына барлық жағдай жасалған. Тәуелсіз елдің жастары мықты болса, оның болашағы да баянды болады. Бабаларымыз аңсаған Мәңгілік ел атану үшін «Нұрлы жолмен» алға қарай қадам баса берейік», - деді Н.Ә.Назарбаев.

Форумда президенттік шәкіртақы иегері, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің төртінші курс студенті Гүлнәр Қойланова еліміз жастары үшін барлық жағдайдың жасалып отырғанын жеткізсе, даңқты спортшы, ауыр атлетикадан екі мәрте олимпиада чемпионы Илья Ильин мемлекет басшысына спортшыларды қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, тікелей байланыс арқылы Маңғыстау және Атырау облыстары жастарының өкілдері де әр өңірде өрлеу бар екенін, көптеген жұмыстар қолға алынып жатқанын, әр сала бойынша жастардың алдыңғы қатарға шығуына мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып отырғанын мәлім етті. Осыған орай Елбасы маңғыстаулық және атыраулық жастарға да ақ тілегін айтып, Қазақстан тәуелсіздігі арқасында қол жеткен табыстарды одан әрі баянды ету жолында еліміз алдында асқаралы міндеттер тұрғандығын атап көрсетті.

Айта кетейік, республикалық жастар форумы өткен теннис кешені өткен жыл соңында пайдалануға берілді. Жоба құны - 1,6 млрд. теңге. «ҚПО б.в.» компаниясының облыстың әлеуметтік жобаларына аударымдары есебінен салынды. Кешенде 300 орындық мінбесімен төрт корт жұмыс жасайды. Мұнда 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда мұнда жас жеткіншектер де бапкерлердің жетекшілігімен теннис өнеріне үйренуде.

Теннис кешені халықаралық талаптарға сай келеді.

Соңғы жаңалықтар