Елбасы: «Орал «Зенит» зауыты» АҚ шығаратын өніміне нарықта сұраныс бар

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҚО-ға жұмыс сапары барысының соңында Оралдағы іргелі кәсіпорындардың бірі - «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да болды.
None
None

Онда зауыт директоры Вячеслав Валиев Елбасын зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Нұрсұлтан Назарбаев зауыт жұмысшы-қызметкерлерімен емін-еркін пікірлесті. Елбасының атап өткеніндей, «Зенит» зауытына алдағы уақытта да қолдау көрсетілетін болады. Қазіргі кезде мемлекеттік тапсырыс та жеткілікті, соған сәйкес кәсіпорын да тұрақты дамып келеді. Мемлекет басшысы кеме жасау отандық экономикадағы жаңа сала екенін, оның шығаратын өніміне нарықта сұраныс бар екенін айтты. Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму осындай кәсіпорындарға арқа сүйейтініне назар аударды.

Әңгіме барысында зауыт жұмысшылары елде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға қолдау білдіре отырып, өз табыстары туралы баяндады.

Зауыт ұжымы атынан өндірістік-тарату бюросының бастығы Ольга Бедова, инженер-конструктор, жас маман Жасұлан Рағалиев, кеңсе меңгерушісі Асылзада Шушомаева, зауыт директорының орынбасары Ахметжан Шупутов қоғамымызда еңбек адамының рөлін көтеру, әсіресе, жастарды жұмысқа тартуда еңбекке деген құрмет сезімін сіңіре білу қажеттігін және басқа өзекжарды тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, аталмыш кәсіпорын 1941 жылы қоршаудағы Ленинград қаласынан көшірілген «Двигатель» зауыты негізінде құрылды. Соғыс жылдары қорғаныстық мақсаттағы өнімдерді шығарды. Қазақстанда бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған бірден-бір кәсіпорын. Кейін КСРО-ға К.Ворошилов атындағы машина жасау зауыты ретінде белгілі болды. 1991 жылдан қазіргі атауын иеленген.

Қазіргі кезде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін «Зенит» зауыты еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік қорғаныстық тапсырысқа сәйкес ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі үшін кемелер мен катерлер шығарып келеді. Сондай-ақ мұнайгаз және басқа салалар үшін арнайы техника, өзге де өнімдер жөнелтеді. 1993 жылдан бері су ығыстырылымы 240 тоннаға дейін жететін барлығы 20 катер-кеме құрастырылды. Оған қоса тағы біреуі тапсырылу қарсаңында, енді біреуінің бітуі жақын. Болашақта салмағы 600 тоннаға дейін жететін мамандандырылған теңіз кемелерін шығару көзделуде.

Соңғы жаңалықтар