Елбасы саясаты бізді үнемі алға жетелейді - БҚО кәсіпкері

ОРАЛ. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат -  ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Астана қаласында өткен әйелдердің 3-інші Еуразиялық саммитіне батысқазақстандық кәсіпкер,
None
None

«Есет» шаруа қожалығының ауылдық тұтынушылар кооперативінің директоры Айгүл Молдашева да қатысып қайтқан болатын.

-Бүгінде нәзік жандылар араласпайтын экономиканың саласы қалмады, дейді ол. Ең ауыр ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығында, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында ат салысып, белсенді еңбек етіп жүрген әйелдердің өкілі ретінде форумға қатыстым. Мұндай үлкен шараға қатысу тек маған емес, осы салаларда жүрген саны аздау қыз-келіншектерге көрсетілген құрмет деп түйсіндім. Саммит барысында еліміздің түкпір-түкпірінен, Ресейден, Башқұртстаннан, Беларусь мемлекеттерінен келген кәсіпкер әйелдермен пікірлестік, аралас-құраласатын жаңа таныстар таптық.

«Қазақстан ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденді әкем Есет Ғабдуллиннің бағыт-бағдар беруімен, қамқорлығымен інім Амантай екеуміз Зеленов ауданындағы Көшім ауылында төрт түлік мал өсіріп отырған жайымыз бар. Қымыз бен шұбат сауып, оларды бөтелкелерге құйып шығаратын өндірістік цех аштық. Өнімдерімізге сұраныс мол. Азды-көпті еңбегіміз еленбей қалған жері жоқ. Биыл «Қараөткел-2012» ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесінде өнімдеріміз 2-орын алды. Ал, саммит аясында Қазақстан әйелдерінің жетістіктері «Ажар» ұлттық қоғамдық дәріптеу сыйлығымен, соның ішінде «Шағын және орта бизнес» аталымы бойынша еліміздегі әйелдердің басты қоғамдық марапатына ие болдым.

«Елбасымыз ел-жұрттың бірлігін нығайтып, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсарту жолында тынбай еңбектеніп, нақты шешімдер қабылдап келеді. Кәсіпкерлер де еліміздің дамып, гүлдене беруіне өз үлесін қоса береді деген ойдамын», -деп түйіндеді ойын А.Молдашева.

Соңғы жаңалықтар