Елбасы Сенат Төрағасы қызметіне Қайрат Мәмидің кандидатурасын ұсынды

АНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының кезекті отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сенат Төрағасы қызметіне Қайрат Мәмидің кандидатурасын ұсынды.

Елбасы Сенат Төрағасы  қызметіне Қайрат Мәмидің кандидатурасын ұсынды

Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының жаңа Төрағасын тағайындау қажеттілігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун қазіргі спикер Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры етіп тағайындағанымен байланысты болып отыр. Ағымдағы жылғы 17 наурызда болған ҚР Парламенті Сенатының отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының орта тұсында Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі жоспарланғанын, жаңа қызметіне содан кейін кірісетінін мәлімдеген болатын. Парламент Сенатының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 сәуірде жұмыс бабындағы сапармен Нью-Йоркте болып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Бас хатшының бірінші орынбасары Аша-Роуз Мигиромен кездесті. Кездесулер барысында БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің қызметі және оның дүниежүзілік ұйымның штаб-пәтерімен өзара іс-қимылы мәселелері талқыланған.

Ал ҚР Парламенті Сенатының бүгінгі отырысында БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры болып тағайындалуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы қызметінен босатылды. «Сіздердің қарауларыңызға басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы қызметінен босату туралы мәселені енгіземін» , - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Сенаттың жалпы отырысында. Сенат депутататтары Мемлекет басшысының ұсынысын қолдады. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев бірлесіп жұмыс жасағандары үшін барлығына алғысын айтты.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Парламент Сенатын мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланған Төраға басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады. Осы конституциялық құқықты пайдаланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, 15 сәуірде Сенат депутаттарының алдында Төрағалыққа Қайрат Мәмидің кандидатурасын ұсынды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 3 сәуірдегі Жарлығымен Қайрат Мәми Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры қызметіне тағайындалған болатын және бүгінге дейін осы қызметті атқарып келеді.

Қайрат Әбдіразақұлы Мәми 1954 жылдың 9 мамырында Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді. 1995 жылы заң ғылымдарының кандидаты болды. 2004 жылы «Қазақстан Республикасындағы Конституциялық заңдылық пен сот билігі: негізгі тенденциялар мен басымдықтар» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Профессор (2005 жыл).

Еңбек жолын тәлімгер ретінде бастап, Гурьев облыстық сотының судьясы, төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мүшесі, Алматы қалалық сотының төрағасы, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, Жоғарғы Соттың Төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 3 сәуірдегі жарлығымен Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры қызметіне тағайындалды. 2010 жылғы 5 мамырда 1-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені берілді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры болып тағайындалған болатын. Қ. Тоқаев осы лауазымдағы Азияның тұңғыш өкілі болып отыр және ол ресейлік дипломат Сергей Орджоникидзені алмастырады. БҰҰ Бас хатшысының жаңа орынбасары өз лауазым ауқымының аясында Женевада жұмыс істейтін Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы болады.