Елбасы шетелдік инвесторлардан Қазақстандағы жаңа индустриялық бағдарламаны жүзеге асыру ісіне қатысуды қатаң талап етті

sp;АСТАНА.  Желтоқсанның  5-і.  ҚазАқпарат. Бұдан  бұрын  хабарланғандай, кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Респуб­ли­касы Президенті жанындағы Шет­ел инвесторлары кеңесінің 22-ші пленарлық отырысы болып өтті. Оның күн тәртібіне "Қазақ­стан­да­ғы әртараптандыру және тех­но­логиялық саясатына шетел­дік инвесторлардың қатысуы ту­ра­лы" мәселе қойылды.  Кеңес жұ­­мы­­сын Мемлекет басшысы Нұр­­сұл­тан Назарбаев ашып, кіріспе сөз сөйледі.    
None
None

           Елбасы Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. 2009 жыл біз үшін де күр­де­лі, бірақ сонымен қатар, жемісті бол­ды. Көптеген мәселелер жө­нін­дегі күрделі шешімдерді біз осы жылы таптық. Өздеріңізге белгілі, жыл басында біз дағдарыспен кү­рес­тің жаңа бағдарламасын қабыл­дап, оны жүзеге асыруға 19 мил­лиард дол­лар қаржы бөлдік. Жыл бойы алға қойған міндет­терді жүзеге асыру бағытында же­дел де ауқым­ды жұмыстар жүр­гіз­дік. Соның нәтижесінде үшінші тоқсанда ішкі жалпы өнімнің кө­лемі 1,5 пайызға өсті. 10 айдың ішінде өнеркәсіптік өндірістің көлемі өткен жылдың осы мерзі­мін­дегімен теңесті. Бұл бізге жыл соңына дейін ІЖӨ кө­лемін өткен жылмен салыстыр­ғанда аздап та болса өсіруге мүм­кіндік береді, дей келе, Елбасы іске қосылған "Жол картасын" жү­зе­ге асыру елі­мізде 400 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бергендігін айтып өтті.

Мемлекет дағдарысқа байла­ныс­ты жұмсалып отырған шығын­дар­ға қарамастан өзінің Ұлттық қоры мен алтын-валюта резерв­те­рін байыта алды. 30 қарашадағы көрсеткіш бойынша ондағы қаржы көлемі 52 миллиард долларды құ­ра­ды. Жал­пы құны 3 миллиард дол­лардан асатын 170-тен астам жаңа өн­ді­ріс­тік, инфрақұрылым­дық ірі жобалар іске қосылды. Со­лардың арасында "Дженерал элек­трик" компа­ния­сымен бірлесіп салынған Астана­дағы локомотив зауыты, Құмкөл кен орнынан са­лынған газ өңдеу зауыты, Қазақ­стандағы бірінші автобан және басқалар бар.

         Мұның сыртында Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Беларус секілді елдермен 25 миллиард дол­лардың инвестициялық жобасын Қазақстанда жүзеге асыру жөнінде келісім жасалынды.

Сонымен қатар, Елбасы жуықта Минск қаласында өткен басқосуда Қазақстан, Ресей, Беларусь ара­сын­да келесі жылдан бастап Кеден одағын құру жөнінде нақты келісім жасалғандығын, осыған орай Қа­зақ­станда бизнес климатты одан әрі жақсарту жұмыстарының жүр­гізілетіндігін, кеден үдерістері же­ңілдендірілетіндігін, үш елдің ин­фрақұрылымдарын пайдалану оңай­­ланатындығын, мұның өзі жаңа инвестицияларға жол аша­тын­­дығын еске салды. Аталған жағ­дайлар Қазақстанда келесі жыл­дан бастап қолға алы­на­тын ин­дустриялық-инновация­лық бағдарламаның бес жылдық жос­па­рын жүзеге асыруды ерекше өзекті ете түседі.

Елбасы кіріспе сөзінен кейін оты­рысқа қатысушыларды Шетел инвесторлары кеңесінің жаңа мүшелерімен және құрамда болған өзгерістермен таныстырды. Кеңес­ке жаңадан қабылданған мүше­лердің арасында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бар.

                      *     *       *

     Отырысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытын­дылады. Елбасы өз сөзінде бүгінгі басқосуда айтылған ұсыныстардың Қазақстан экономикасы үшін маңызды екендігін атап өтті. Қазақстан экономикасы көмір­сутегі қорларын, мұнай мен газ, қара және түсті металл шикізат­та­рын өндіруге бағытталып отыр­ған­дықтан әртараптандыру, алынған өнімді тереңдетіп өңдеу ісі бірінші кезекте осы салаларда қолға алы­нуы керек. Мұның жақсы мысалы ENRC компаниялар тобының жұ­мысынан байқалуда. Бұл компа­ния шикізаттан глинозем алып, оны одан әрі алюминийге айнал­ды­ру сатысына жетті. Енді алю­минийден дайын өнім алу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. "Испат­Кар­мет" болат өндіріп, енді болаттан салқындатылған және ыстық про­кат, одан әрі құрылыс металдарын өндіру ісі қолға алынуда. Осындай тереңдетіп өңдеу ісі енді мұнай мен газға да тиесілі болуға тиіс. Елбасы шетелдік ин­вестор­лар­ды осы істі Үкіметпен бірлесіп қол­ға алуға шақырды. Ал металлургия саласында өңдеу жұ­мыстары жүргізілуде. Қазақстан­ның алдындағы бұл саладағы міндет енді осы өнім­дерді өңдеудің үшінші, төртінші сатыларын жолға қою болып та­былады. Мәселен, алынған қорға­сын­нан аккумулятор жасауға болар еді. Қазақстанда көптеген ауыл­ша­руа­шылық өнімдерін өндіріп қана қоймай, оларды одан әрі өңдеуге мүмкіндік бар. Тіпті шетелдік ин­весторлар өздеріндегі жұмыс­кер­лер үшін қажетті ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерін өндіріп, оларды өңдеп, шетелге шығаруларына да болады.

       Елбасы Қазақстанның осы уақытқа дейін тіпті сонау патша өкіметі тұсынан бастап, Кеңес Одағы кезінде де шикізат өндіруші ел болып келгендігін, осы үрдіс жалғасып жатқандығын, бірақ әр нәрсенің шегі болатындығын, мем­лекеттің алдағы уақытта осы үрдісті бұзып, экономикасы әр­та­рап­тандырылған, шикізат қана емес, тереңдетілген өнімдер экс­порт­тайтын елге айналу мақсатын алға қойғандығын, ендігі кезекте осы іске Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлардың да үлес қосуы қажеттігін мықтап ескертті.

"Біз өз еліміз үшін ең бір күр­делі кезеңде сіздерге өзіміздің баға­лы байлықтарымызды игеруді сіздер үшін тартымды жағдайда бердік. Енді біз сіздердің Қазақ­станнан тапқан пайдаларыңыздың бір бөлігін оны одан әрі өркен­де­ту ісіне жұмсауды талап етуге құ­қылымыз. Осымен 22-ші рет сіздермен кездесіп отырмыз. Шет­ел инвесторлары кеңесінің алғаш­қы отырыстарында сіздердің мә­се­лелеріңізді шешуге көп көмектес­тік. Енді осындай сәтке де жеттік. Біз сіздерден алдағы уақытта Қа­зақ­стандағы индустриялық-инно­ва­циялық бағдарламаны жүзеге асыру ісіне қатысуларыңызды, өз­де­ріңіз өндіріп отырған шикізат­тар­ды еліміздің аумағында те­рең­детіп өңдеу ісін қолға алу­ла­ры­ңызды талап ететін боламыз. Мұ­ны нақты ескерту деп есеп­те­ңіз­дер", дей келе шетелдік инвес­тор­лар бірлесіп атқарып жатқан жекелеген жобаларды атап көрсетіп, оларды ақыр аяғына дейін жеткізу қажеттігін айтты.

    "Біз алдағы уақытта экономи­ка­ны әртараптандыру және өнім­дерді тереңдетіп өңдеу бойынша бізге нақты бір жоба ұсынған шет­елдік инвесторлармен ғана жұмыс істейтін боламыз. Егер мұндай шешім орындалмайтын болса, біз Қазақстан экономикасы үшін тиімді жұмыс атқара алатын басқа әріптестерді іздестіруге мүдделі­міз. Егер оған міндеттейтін заң қажет болса, оны қабылдаймыз", деді.

Елбасы одан әрі Қазақстанға жоғары технологиялық трансферт­теу мәселесіне тоқталды. Бұл салада жүзеге асуын күтіп отырған жұ­мыстар мен шешімін күткен проблемалар жеткілікті.

Біріншіден, ғылым өндіріс сұранысынан кейін қалып отыр. Сондықтан Қазақстанда ғылымды басқарудың жаңа жүйесі әзір­ле­нуде. Мәселен, ғылыми жоба нақ­ты қаржы көзіне жету үшін бес са­тыны өтуі керек. Ғылыми жоба бір­ден өндіріске жету үшін осы­ның төрт сатысы алынып таста­ла­тын болады.

Екіншіден, ғылыми әзірлемені жүзеге асыратын нақты тетіктер жоқ. Осының салдарынан көпте­ген компаниялар, соның ішінде шет­елдік компаниялар Қазақстан­ның ғылыми нәтижесін өндіріске енгізуге ынталы емес.

Үшіншіден, шетелдік инвес­тор­лар Қазақстандағы технология­лық біліктілікті арттыру мәселе­сіне күш салмай отыр.

Елбасы осы мәселелердің бар­лы­ғын шешуге болатындығын, ол үшін бірлесіп жұмыс істеу қа­жет­тігін айтты. Мемлекеттік органдар мен инвесторлардың осы мәселе бойынша өзара түсіністікпен ын­тымақты жұмыс істеуі Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды болып табылады. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін қажет болатын бірқатар мәселелер атап көрсетілді.

Біріншіден, Шетел инвестор­ла­ры кеңесі мүшелерімен бірлесе оты­рып, экономиканы әртарап­тан­дыруға, өнімдерді тереңдетіп өңдеуге бағытталған әрбір жоба тал­қылануы керек. Соның нәти­жесінде, жұмыс топтары құрылып, жобаны жүзеге асырудың мерзімін белгілеген нақты жоспар жаса­лы­нуы тиіс. Осыған орай Елбасы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке келесі жылдың бірінші тоқсанында тиісті жұмыстар жүргізіп, бірлесіп атқарылатын нақты жобаларды ұсынуды тапсырды.

Екіншіден, әртараптандыру ісінде шикізат өндіретін ірі компаниялардың өнімді өңдеуші кәсіпорындарға қолдау көрсетуінің маңызы зор. Үкімет осының нақ­ты тетіктерін әзірлеп, ірі кәсіп­орын­дардың айналасында, өңдеу­ші кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің жұмыс істеу жүйесін айқындап, ірі кәсіпорын­дарға шағын және орта бизнес субъектісін бекітіп беруі тиіс. Бұл жұмыстың орындалуы туралы есеп келесі жылдың бірінші жартыжыл­дығының ішінде тапсырылуы ке­рек.

Үшінші мәселе - техно­ло­гия­лық даму. Отырыс барысында мұ­ның жақсы бір мысалын "Тоталь" компаниясының басшылығы айт­ты. Қазақстанға дәнекерлеудің жоғары технологиясын транс­ферт­теу, осы үшін  Қазақстанда дәне­керлеудің ұлттық институтын құру жөнінде ниеттері барлығын жеткізді. "Шелл" компаниясы мен "Лукойл", "Би-Джи-Групп" және басқа да бірқатар компаниялар тиімді ұсыныстарын айтты. Осы­ған орай, Елбасы шетелдік инвес­торлардың аузымен айтылған әрбір ұсынысты жүзеге асыру үшін нақты жауапты адамдарды белгі­леуді тапсырды. Бұл ұсыныстар­дың орындалуы әрбір отырыста қаралып отыратын болады.

Төртіншіден, өндірістің басым бағыттарында Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік компания­лар­мен технологиялық ынтымақ­тастықтың нақты бағдарламасы жасалынып, оған қазақстандық ғы­лыми-зерттеу институттары, уни­верситеттері және ұлттық ком­паниялар тартылуы тиіс.

Бесіншіден, келесі жылдан бас­тап Қазақстанда жаңа халық­ара­лық университет ашылмақ. Жұртшылықтың қалауы бойынша оған Елбасының аты беріліп отыр. Бұл университет жаратылыстану ғылымдары саласындағы инжини­ринг, энергетика, медицина бағы­тындағы білім-ғылым кешенін құрайды. Оның Басқарушылар кеңесінің құрамына әлемдік үздік университеттердің басшылары сайланады. Әрбір факультетін әлемдегі үздік университеттер бас­қа­ратын болады. Университет қасынан интеллектуалдық мектеп, ғы­лыми-зерттеу орталығы құры­лады және оның қасында Өнер­кә­сіптік кеңес жұмыс істейді. Елбасы шетелдік инвесторларды осы оқу орнымен ынтымақтаса жұмыс іс­теуге шақырды.

Алтыншыдан, еліміздің батыс өңірінде Каспий энергетикалық хабын құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Ол Ақтауда орнала­са­ды. Ол хаб жұмысы өнеркәсіптік, білім және ғылым кешенін құруға бағытталады. Елбасы шетелдік инвесторларды осы хаб құру ісіне көмек көрсетуге шақырды.

Жетіншіден, технологиялық жұ­мыстарды жүйелі деңгейге кө­ші­ру мақсаты алға қойылып отыр. Осыған байланысты Үкіметке алдымыздағы 10 жылда оны екі бес жылға бөле отырып, еліміздің бірыңғай салааралық техноло­гия­лық жоспарын жасап, жүзеге асу кезеңдері мен қаржы ресурстарын айқындау міндеті жүктелді.

Елбасы жоғарыда аталған тап­сырмаларды жүзеге асыруға шет­елдік инвесторларды Үкіметпен бірлесіп белсене қатысуға ша­қырды.

                      («Егемен  Қазақстан».  Желтоқсанның  5-і)

Соңғы жаңалықтар