Елбасы ШҚО-да «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша үйлі болған қоныс той иелерін құттықтады
ӨСКЕМЕН. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменге жақын жерде «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа ауылда болып, онда салынған жаңа үйлерге ие болған қоныс той иелерін құттықтады.
Мемлекет басшысы төрт жыл бұрын тарихи отанына Қытайдан қайтып оралған көпбалалы Атан отбасының жаңадан алған баспанасына кіріп шықты. Нұрбақыт Атанұлы Қытайда заңгер болып қызмет істеп, ауылдық округты басқарды, қазір ол жаңа ауылдың әкімі. Оның үлкен қызы қызметте, тағы екі қызы грантпен университетте білім алуда, төртінші қызы - оқушы, олардың ішінде кенже ұлы ғана Қазақстанда дүниеге келген. Н.Атанұлы Президентке өзінің тарихи отанына қайтып оралғанына бақытты екендігін айта келе, мемлекетке өзі секілді оралмандарға көрсетіп жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты. Оның айтуынша, жағдай қазір жақсы. Өзінде жұмыс бар, балалары табысты білім алуда. Жаңа үйді отбасы тұрғын үй құрылыс мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие бойынша алып отыр.
Айта кетер жәйт, жаңа үйлерді салуға 3,9 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Мұнда қазіргі күні 363 үй салынды. Қазіргі күні құны 1,2 млрд. теңгелік 600 орындық мектеп пен балабақша салынуда.Олар биылғы жылы пайдалануға берілмекші. Сонымен қатар қосымша 700 үй салу жоспарланып отыр, олардың 100-і биылғы жылдың өзінде пайдалануға беріледі.
Анықтама үшін: Қазақстанның 20 жылдық тәуелсіздігі жылдары тарихи отанға 823 196 адам қайтып оралды, оның 49 мыңы Шығыс Қазақстан облысында тұрақтап қалды.