Елбасы шыршасына БҚО-дан 160 оқушы қатысады
ОРАЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өтетін Елбасы шыршасын аудандар мен қаладан келген барлығы 160 оқушы тамашаламақ.
Облыстық білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, олардың 109-ы - ауылдық жерлерден, 8-і - балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, 12-сі - даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемелерден, жетеуі - облыстық мектептердің, 24-і - Орал қаласындағы білім ордаларының шәкірттері.
Шараға қатысушылардың әрқайсысына 60 мың теңгеге киім, сондай-ақ ұялы телефон мен тәтті сыйлық табыс етілмек. Балаларға мерекелік түскі ас беріліп, сауықтыру бағдарламасы мен қалаға саяхат та ұйымдастырылған.
Сонымен қатар бүгін кешкісін орталық Абай алаңында бас шыршаның шамы жағылады. Қала әкімдігінің хабарлауынша, оның құны 900 мың теңгедей тұрады. Бас шыршаның биіктігі өткен жылғыдан 2 метрге өсіп, 24 метрге жеткен. Шыршалар сондай-ақ Жайық жағалауында, қалалық мәдениет және демалыс саябағында, М.Мәметова атындағы алаңда, Салтанат сарайы алдында орнатылған. Жаңажылдық ертеңгіліктер өткізу үшін қалаға қарасты кенттер мен Желаев ауылдық округіне, балалар аула клубтары мен кітапханаларға да шыршалар алынды.