Елбасы сыйлығы бүлдіршіндердің жүрегінде отансүйгіштікті оятады - Ирина Айманова

«ҚР Білім және ғылым министрлігінен 1-сынып оқушыларына арнайы кітап жазуға ұсыныс түсті. Мен бұған дейін оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау бағдарламасын (PISA) жасауға қатысып жүрген едім. Бірнеше мұғалім қосылып, жаңа жобаны бастап кеттік. Кейін біздің жобамыз байқауда үздік деп танылды. Оған үлкен үш басылым қатысқан еді. Біздің жұмысымызды арнайы сарапшылардан құралған комиссия тексерді. Біз барынша суретпен, түрлі-түсті иллюстрациямен беруге тырыстық. Кітапты мазмұнды ету үшін Қазақстан 2030 стратегиясындағы 9 пунктті тереңірек ашуға тырыстым. Бұл мен үшін үлкен абырой», - деді Ирина Борисқызы.
Оның айтуынша, авторлар кітап тілін балаға барынша түсінікті етіп жазуға тырысқан.
«Бұл үлкен өмірге қадам басқан балалардың жүрегінде отансүйгіштікті оятады. Онда Отанды сүю, туған жерін сүю, құрметтеу түрлі суреттер мен иллюстрациялар арқылы берілген. Онда еліміздің барлық облысы көрсетілген. Еліміздің белгілі тұлғалары, ғарышкерлері, ақын-жазушылары, ғалымдары туралы мағлұмат берілген. Осы ақпараттың барлығын 1-сынып оқушысы түсінетіндей етіп жаздық», - деді Ирина Айманова.
Айта кету керек, биыл Республикада 30 пилоттық мектеп білім беру мазмұнын жаңарту мақсатында 12 жылдық білім беру жүйесінің апробациялық мазмұнына көшеді. Алматы бойынша №15 мектеп гимназиясының 1 сыныпқа барған 189 оқушысы жаңа білім беру мазмұнымен оқиды.
«ҚР Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген 100 қадамның 76, 89 қадамдарын жүзеге асыру мақсатында биыл елімізде білім беру мазмұнын жаңарту бойынша жұмыстар қарастырылған. Осы мақсатта 30 мектеп іріктеліп алынды. Соның ішінде біздің мектепте биыл оқытудың жаңа мемлекеттік стандарты, жаңа оқыту жоспарлары енгізіледі. Апробацияның мақсаты отандық білім беру жүйесінің озық тәжірибесін сақтай отырып, әлемдік білім беру жүйесіне интеграциялану», - деді мектеп директоры Оспанбек Бұлбұл Расбекқызы.