ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУ ЖОЛЫНДА: Жол құрылысында барлық жерде жаңа технологияларды енгізуге айрықша мән беріледі - ҚР ККМ
АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанның көліктік жоғары әлеуеті жайында қазақстандық мамандармен қатар шетелдік сарапшылар жиі айтады. Алайда осы әлеуетті толығымен жүзеге асыруға бірінші кезекте жолдардың халықаралық стандарттарға сай болуы айрықша маңызды. Бұл тұрғыда жолдардың сапалы болуы халыққа тек экономикалық жағынан ғана тиімді емес, сонымен қатар адам өмірінің ұзақтығына да байланысты.
Осы орайда ең өкініштісі, қаншама азаматтарымыздың өмірі жол-көлік оқиғаларының түрлі себептерінен қиылып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, биылғы 11 қазанда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың мерт болуы көрсеткіштерінің өсуіне алаңдаушылық білдірген еді. «Қараңыздар, өткен жылы жолдарда 2145 адам қаза тапты. Осы жылдың 9 айында 2273 адам мерт болды», - деді ҚР Президенті отырыс барысында. Ал жарақат алғандар 22 мыңға жеткен. Сонымен қатар Елбасы жол ережесін бұзушыларға қатысты заң талаптарын күшейту қажеттігін баса айта келе: «Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші - қылмыскер. Оны бізде бар заңмен барынша қатаң жазалау керек немесе бұл заңдарды күшейту қажет», - деді. «Адамдардан айырылудамыз. Біз мында адамдарды емдеп, олардың санын әрі өмір сүру ұзақтығын арттырғымыз келеді. Ал жолда азаматтар мерт болуда», - деді Елбасы.
11 қазандағы отырыстан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше ғана Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады. Кездесу барысында А.Жұмағалиев Мемлекет басшысына Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру барысы, сондай-ақ көлік инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның әзірленуі туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев жалпы, еліміздің дамуы мен азаматтарымыз үшін қажетті барлық көлік инфрақұрылымдарын жетілдіру мақсатында бағдарламаны әзірлеу кезінде кешенді көзқарастардың қажеттігіне назар аударды.
Атап айтқанда, отырыстан кейін жол және көлік саласында көптеген мәселелер көтерілгені мәлім. Осы орайда Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевпен әңгімелесуді жөн көрдік.
- Менің блогыма қазақстандықтар тарапынан өңірлердегі жолдардың жағдайы жайында хаттар жиі келіп түседі. Ел азаматтары негізінен жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапасына шағымданып, жолдарды тездетіп салуды сұрайды. Жақында Мемлекет басшысы автожол саласындағы ахуалға қатысты әділ баға беріп, сынға алды.
Шынымен де салада шешімін күткен мәселелер баршылық.. Бұл жолдардың қанағаттанарлықсыз көлемінің 33 пайыз деңгейде болуы, жөндеу сапасы, жолдарды қайта салу мен оны күтіп ұстауға қаржының жеткіліксіздігі, жолдарды бұзатын ауыр салмақтағы жүк көліктерінің көптігі, заңнама мен басқару құрылымының жетілмегендігі және басқа да мәселелер қамтылған. Осы жайында өздеріңіз де жақсы білесіздер.
Әрине, біз қаржыландырудың тапшылығы туралы айтқанымызбен, 2001 жылға дейін автомобиль жолдары тіптен қаржыландырылған жоқ десе де болады. 2001 жылы бөлінген қаржыға 2,5 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары ғана жүргізілді. Онда да қолданыстағы жол желілерін сақтап тұру үшін орташа және шұқырларды жамау секілді жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. 2009 жылдан бастап бұл саланы қаржыландыру бірнеше есеге артты. Ағымдағы жылы біз 5898 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргіздік және соның 3485 шақырымы республикалық маңыздағы жолдар. Оның ішінде 2315 шақырымы қайта салынды, 58 шақырымы күрделі жөндеуден өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірлеп жатқан Көлік инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында біз 2020 жылға қарай еліміздегі жалпы қолданыстағы жолдардың 78 пайызын жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізетін боламыз. Сондай-ақ 29 000 шақырымнан астам жолды жөндеу жұмыстарымен қамтамасыз етеміз.
Автожол саласындағы ең басты проблема ол - басқару құрылымы мен заңнаманың шикілігі. Осының салдарынан жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупінің көрініс беруі туралы жиі айтылып жүр. Оған басты себеп - бақылау функцияларының бір жерге топтастырылғаны, яғни Автомобиль жолдары комитеті өзі тапсырыс береді, өзі бақылайды, өзі жұмысты қабылдайды.
Біз өткен жылы мұндай басқару құрылымын түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдадық және қызметтерді қайта бөлдік. Нәтижесінде Автомобиль жолдары комитетінде стратегиялық жоспарлау, нормативтік және ғылыми қамтамасыз ету, сапа сараптамасын ұйымдастыру қызметтері ғана қалды. Комитет ендігі жерде қандай жолдарға қашан жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жоспарлайды, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасын бақылайды. Ал, конкурстарды ұйымдастыру, мердігерлерді анықтау, жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстарымен «Қазавтожол» АҚ айналысатын болады. Бірақ, олар салынған жолдарды қабылдамайды, жүргізілген құрылыс жұмыстарын FIDIC халықаралық ережелері негізінде жұмыс істейтін арнайы инженерлік қызметтер қабылдайды. Бұл ережелерді біз «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы барысында қолдандық.
FIDIC (инженер-консультанттардың халықаралық федерациясы) бойынша тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісімшарттың үлгілік нұсқасы бүгінгі күні 80 елде қолданылады, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының қаражатына жол құрылысын жүргізген жағдайда оларды қолдану міндетті болып табылады.
FIDIC талаптарына сәйкес жобаны басқарумен айналысатын инженердің сәйкес еңбек тәжірибесі болуы шарт және ол конкурс негізінде таңдалып алынады. Ол жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына толығымен жауап береді, барлық техникалық шешімдерді шұғыл түрде қабылдайды, бір сөзбен айтқанда, тапсырыс берушілерге жүктелген қызметтерді атқарады.
FIDIC талаптары бойынша атқарылған жұмысқа ақы төлеу туралы шешімді инженер қабылдайды, осылайша тапсырыс берушімен мердігер арасындағы байланысты болдырмайды. Тағы бір маңызды мәселе, FIDIC шарттарында құрылыс жұмыстары мезгілінде басталмаса, мерзімінен кешіктіріліп тапсырылса, жол төсемелерінің сапасы нашар болса және т.б. жағдайларда айыппұл салу қарастырылған.
Сондай-ақ, инженерлік қызметтің де жеке жауапкершілігі қарастырылған, тіпті қылмыстық жаза да қолданылуы мүмкін. Егер инженерлік қызмет тарапынан қандай да бір кемшілік жіберілген болса, олар аталған қызметті жүзеге асыру үшін берілген лицензиясынан айырылады.
Республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен реконструкциясы барысында жұмыстың мұндай үлгісін тестілеуден өткізу арқылы, алдағы уақытта бұл әдісті жергілікті жолдардың құрылысы барысында да қолдануды көздеп отырмыз. Осылайша, бүгінгі күні жергілікті жолдардың жағдайына жауап беретін әкімдіктер бұл мәселеге немқұрайлы қарамайтын болады.
Біз Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесіп Қазақстанда автомобиль жолдарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлаудамыз. Онда еліміздің автомобиль жолдарының жағдайы туралы барлық ақпарат жинақталатын болады. Бұл жүйеге жолдардың жағдайын бағалайтын көпфункционалды зертханалардың мәліметтері мен жолдардағы ақаулар және бақылаудың автоматтандырылған жүйесіндегі қозғалыс қарқындылығы туралы мәліметтер топтастырылады.
Нәтижесінде аталған жүйе жолдардың жағдайын бағалауға, жөндеу жұмыстарының түрлері мен маңыздылығын анықтауға, қажет бюджетті есептеуге мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдықтың артықшылығын автокөлік иелері де сезінеді. Олар жолдардың жағдайын онлайн-режимінде көре отырып, өздерінің жүру бағыттарын өзгертуге, алдын-ала жоспарлауға мүмкіндік алады.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысы барысында біз алғаш рет халықаралық сапа стандартын қолдандық. Мен бұл жөнінде жоғарыда айтып өттім. Автомобиль жолдары комитеті мен «Облжоллаборатория» РМК-нен бөлек жол құрылысы жұмыстарының сапасын займ есебінен қаржыландырып отырған банкке бағынысты шетелдік инженерлер де бақылауда.
- Жол құрылысында жаңа технологияларды енгізу мәселесіне тоқталсаңыз?
- Жаңа құрылыс технологияларын енгізуге үлкен көңіл бөлінуде. Ай сайын бізге жаңа технологиялардың түрлерін енгізу туралы ұсыныстар келіп түседі. Біз бұл ұсыныстарды қараймыз, «ҚазжолҒЗИ» институты ұсыныстарды тексеруден өткізеді, технологиялар біздің климаттық жағдайларға келе ме, жоқ па, осының бәрін жан-жақты зерттейді. Қазіргі кезде бізде 40 шақты эксперименталды учаске бар. Ол жердегі жол жабындыларының жағдайын іс-жүзінде бақылап отырмыз. Инновациялық материалдарды жол құрылысында қолдану мәселесімен айналысатын арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Атап айтқанда, тестілеу нәтижесіне сәйкес кейбір технологияларды бұрыннан қолданып келеміз. Мысалы, «Сларри Сил» технологиясын айтуға болады. Сондай-ақ, биыл жүргізілген зерттеулер нәтижесінде біз жол жабындысының төзімділігін арттыратын микросюрфейсинг жол жабындысын тәжірибе ретінде қолдануға кірістік. Бұдан басқа, сынақ нәтижесі көңілімізден шықпаған кейбір технологияларды қолдануға тыйым салдық.
Сонымен қатар Қазақстандағы жолдардың бұзылуына ауыр жүк көліктері өз септігін тигізуде. Әрине, көліктік бақылау бекеттері бар. Олар өз қызметтерін атқаруда, яғни жүкті рұқсат етілген көлемнен артық тиеген ауыр жүк көліктерін тоқтатып, оларға айыппұл салуда. Айыппұл ретінде төленген қаржы республикалық бюджетке түседі. Ол кейін жолдарды жөндеуге қайта бөлінеді. Көліктік бақылау бекеттерінің тиімділігін арттыру үшін біз өткен жылы бекеттерге бейнебақылау камераларын орнаттық. Артық жүк тиеген көліктерді анықтау көрсеткіші бірнеше есеге артты.
Мен өткен жылы Көліктік бақылау комитетінің қызметін жаңғырту жөніндегі жоспарларымызбен бөліскен болатынмын. Бастаманы қолға алған кезде біз автокөлік құралдарының салмағын қозғалыс барысында өлшейтін электрондық таразылар орнататынымызды айттым. Сонымен бірге, көлік жүгізушілері көп шағымданған көліктік бақылаудың стационардық бекеттерін жабатынымыз туралы да сөз еттім. Бүгінгі күні біз 13 салмақ өлшеу аркаларын орнаттық, мен уәде еткендей 9 стационарлық бекетті жаптық. Келесі жылы олардың санын 31-ге арттырамыз, оған қосымша салынған айыппұл туралы ескерту хатын көлік иесінің үйіне жіберетін боламыз. Жалпы алдағы уақытта мұндай аркалардың санын 80-ге жеткіземіз.
Бұдан-бөлек, жол-көлік апаттары кезінде шұғыл көмек шақыру жүйесін енгізу жол-көлік оқиғаларында өлім-жітімді 30 пайызға төмендетеді. Бұл жүйе - жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді шаралардың ішіндегі тағы бір ноу-хау. «Алтын уақыт» қағидатына сәйкес құтқарушылар оқиға орнына неғұрлым тезірек жетсе, зардап шегушілерді құтқару мүмкіндігі де соғұрлым арта түседі.