Елбасы «Тарих толқынындағы халық» атты тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынды - ҚР Мемлекеттік хатшысы
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген алқа отырысында сөз сөйледі.
«Ұлттық тарих мәселесіне бұрыннан жіті көңіл бөліп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынды», - деді Марат Тәжин.
Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты:
- Қазақстанның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау;
- қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту;
- ұлттық жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл бастамасының кездейсоқ пайда болған жоқ.
Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу - жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы.
Мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 5 жылдығында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «кейде қайғылы, кейде мейірбан... бірақ та қашанда Тәуелсіздікке ұмтылысымен суарылған біздің халқымыздың тарихына өз көзқарасын айтты.
Мемлекет басшысы ұлттық тарихымызға өзіндік стратегиялық көзқарасын 1999 жылы «Тарих толқынында» кітабында баяндады. 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев теңдесі жоқ «Мәдени мұра» бағдарламасының басталғанын жариялады.
Бағдарламаны жүзеге асырудың жеті жылында - 2004 жылдан 2011 жылға дейін - Қазақстан тарихы, археологиясы және этнографиясы бойынша 26 арнайы зерттеулер жүргізілді. Бірақ та мұның бәрі тарихи жадымыз бен тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған біздің үлкен жұмысымыздың бастауы болатын.
Бүгінде қалыптасқан мемлекет кезеңінде біз заманауи ғылым биігінен өз тарихымызды електен өткізіп, тұтастай ұлттық тарихи картинаны жасауымыз қажет», - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік хатшысы.