Елбасы тікелей желіде қысқы Азия ойындарына қатысты сұраққа жауап берді

А. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Елбасының қазақстандықтардың сауалдарына тікелей желі арқылы жауап беруі кезінде 2011 жылы Қазақстанда өтетін қысқы Азия ойындары сөз болды,

Елбасы тікелей желіде қысқы Азия ойындарына қатысты сұраққа жауап берді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Павлодарлық спорт құмарларының сауалында қиын экономикалық дағдарыс пен бюджеттік ресурстарды үнемдеу режимін ескерсек, еліміз осындай ауқымды спорттық шараны ұйымдастыруға қаражат таба ала ма делінген. «Өкінішке қарай, қысқы Азия ойындарына дайындалу және оларды өткізу ауыр кезеңдермен қатар келіп қалды. Осыған қарамастан, мен жылдың басында Алматыда болғанымда Үкіметке тиісті нысандардың барлығын салып бітіруді тапсырдым. Әрине, спорт деген жақсы,  бұл отандастарымыз үшін керек дүние. Яғни, дер кезінде үлкен трамплин салынады, көпшілікке танымал Медеу мұз айдынына, Балуан Шолақ спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтіріледі. Ал Астанада  жабық мұз  айдыны салынады. Біз мұның бәрін міндетті түрде салып бітіреміз деп ойлаймын. Осындай ауқымды ойындардан кейін барлығы біздің қала тұрғындарымызға қалады», - деп атап өтті Елбасы өз жауабында.

 Мемлекет басшысының айтуынша, бөлініп жатқан қаражат далаға шашылып жатыр деп ойлауға болмайды. «Өйткені, мемлекет осы шараның жарнамасынан, жоғарыда аталған ғимараттарды жалға беруден, жан-жақтан ағылып келетін туристерден пайда көріп, жұмсалған қаражат ішінара қайтарылады. Бір сөзбен айтқанда, ойындарды өткіземіз», - деді.