12:50, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Елбасы Ұлттық халық санағының сауалнама парақшаларын бірінші болып толтырды
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ақпанның 25-і күні Қазақстанда Ұлттық халық санағы басталды. Бірінші болып санақ бланкілерін Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет мүшелері толтырды. Бұл туралы Ұлттық халық санағының басталуына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, халық санағын өткізу үшін дайындық жұмыстары екі жыл жүргізілді. Бұл шараға мемлекеттік бюджеттен 6 миллиард теңге бөлінді. Алдын ала оқытылған 55 мың санақшы күнделікті таңғы сағат 8.00-ден 22.00-ге дейін он күн бойы, яғни наурыздың 6-сына дейін өздеріне белгіленген учаскелердегі үйлерді аралап, үш сауалнама парақшаларын толтыратын болады. Оның біріншісінде, пәтерде тұратын адамдардың жалпы саны, екіншісінде олардың тұрмыс жағдайы көрсетіледі. Ал 45 сұрақтан тұратын үшінші бланкті әр отбасы мүшесі толтырады. Бланкілер қазақ және орыс тілдерінде дайындалған. Санақшы үйіңіздің табалдырығын аттамас бұрын сол аймақтағы Статистика департаменті бастығының қолы мен мөрі басылған, өзінің суреті орналастырылған куәлігін көрсетуі тиіс. Оның нақты санақшы екендігін сондай-ақ 8 800 080 78 28 жедел телефон желісі арқылы да анықтауға болады. Ал есігін ашуға қорыққан азаматтарға Статистика агенттігінің төрайымы аталмыш бланкілерді оқу орындары мен әкімшілік ғимараттарда орналастырылған стационарлық учаскілерге барып толтыруға кеңес берді. Республика бойынша ондай учаскелердің саны - 1674, Астанада ? 69. Олардың орналасқан мекен-жайлары бұған дейін жергілікті газет беттерінде жарияланды. Санақ күндері жол жүретін азаматтар, сондай-ақ теміржол, авто және теңіз вокзалдары мен әуежайларда орналасқан стационарлық бекеттерде тіркеуден өтетін болады. Шетелде тұратын және іссапарда жүрген қазақстандық азаматтар сол елде орналасқан елшілікке барып тіркеледі. Немесе жедел телефон желісі арқылы хабарлауына болады. Жеке министрліктер мен ведомстволар өздерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің санағын мекеменің ішінде өткізеді. Оларды тіркеумен Статистика агенттігінің мамандары айналысады. «Санақшылар толтырылған бланкілерді келесі күннің таңертеңінде өткізеді. Келесі күннің екінші жартысында осы күнге дейін республика бойынша қанша азамат санақтан өткендігі туралы есеп дайындалатын болады. Ұлттық халық санағының алдын ала нәтижелері үстіміздегі жылғы қыркүйек айында жарияланады», - деді А. Мешімбаева.