Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасы Ұлттық спутниктік сандық телерадио таратылым желісін іске қосты

АНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық спутниктік сандық телерадио таратылым желісін ресми түрде іске қосты.

Елбасы Ұлттық спутниктік сандық телерадио таратылым желісін іске қосты

Спутниктік сандық телерадио таратылымының іске қосылуымен республикамыздың барлық тұрғындары, оның ішінде еліміздің шекарасында орналасқан елді мекен тұрғындары алғаш рет спутниктік байланыс арқылы 37 республикалық және аймақтық телеарналарды тегін көру мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта тестік режимде көрсетіліп жатқан тегін топтамаға 18 республикалық, 14 облыстық телеарна мен 3 радио желісі енгізілген. Сонымен қатар абоненттер ақылы топтама негізінде 50 шетелдік телеарналарды да көре алады.

Ол үшін спутниктік сандық телерадио таратылым желісін іске қосу шарасы аясында Алматы, Астана және Орал қалаларында орналасқан қабылдап -таратқыш 3 стансы заман талаптарына сай жаңартылған. Сондай-ақ «Қазақстандық телекоммуникациялар» АҚ-ның спутниктік желісі жаңа DVB-S2 MPEG4, 8PSK стандарттарына көшірілді.

Ұлттық телерадио таратылым желісін құрудың келесі кезеңінде аналогтық желідегі эфирлік хабар таратуды DVB/T2 стандартындағы сандық стандартқа ауыстыру міндеті тұр. Аталған жобаны жүзеге асыру 2011-2014 жылдарға есептелген және еліміздің барлық аймағын сандық-эфирлік телерадио таратылым желісімен қамтуға негізделген.