Елбасы ұсыныстарының негізгі өзегі - ядролық қаруға мүлдем тосқауыл қою, сынақ жарылыстарын да біржола тоқтату- У. Қоңырбаев
Адам баласы атом қаруының азалы қасіретін бастан кешті. Бүгінгі таңда бұл мәселе әлемдік деңгейде күн тәртібіне шығарылып отыр. Осы орайда ядролық қаруды сынауда Қазақстан халқы аз зардап шеккен жоқ. Соның барлығын жан-жүрегімен сезінген Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы тамыздың 29-ы күні Семей сынақ аймағын жабу туралы Жарлық шығарғаны белгілі. Елбасы аталған мәселені үнемі көтеріп келеді.
Осы сөзіміздің бір дәлеліндей, сәуірдің 2-сі күні Ресейдің «Известия» газетінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» атты көлемді мақаласы жарық көрді.
Бұл мақала әлемдік деңгейдегі үлкен пікірталастың арқауына айналатыны байқалып отыр. Еліміздің азаматтары да үн қосуда. Соның бірі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, саясаттанушы, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің құрметті профессоры Уәлихан Қоңырбаевтың пікірін назарға тартамыз.
- Елбасының «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» атты үлкен мақаласының «Известия» газетіне шыққаны біз үшін өте маңызды. Өйткені бұл басылымды тек Ресейдің оқырмандары алып оқымайды, газет ТМД елдеріне және басқа да шетелдерге тарайды. Және бір ерекшелігі Н.Назарбаевтың өз мақаласын осы газетке бергендегі ойы ең оқылымды басылым екенін ескеріп отыр деп ойлаймын. Кеңес одағы кезінде бұл басылымның беделі өте жоғары болды. Ең дарынды журналистер еңбек етті. Яғни, мықты қаламгерлердің мектебі қалыптасқан, сол дәстүрді сақтап келе жатқан ұжым деп айтуға болады. Ежелден «Известия» шындықты, әділдікті жазады. Бүгінгі ақпараттық технологияның қарқынды өскен кезінде Ресейдің аталмыш басылымы өзінің ғаламтордағы сайты арқылы дүние жүзіне тарап отыр. Оның кейбір өте салмақты мақалалары басқа газеттерге көшіріліп басылады. Соның бір дәлелі ретінде Елбасының аталған мақаласын айтуға болады. Оны тек қазақстандық газеттер емес, шетелдік БАҚ-тар да, әр түрлі сайттар да бүгінде жариялап жатыр. Және бұл жерде ядролық қаруға ие елдің бірі Ресей екендігі ескеріліп отырған болуы керек.
Атомдық қарудың адамға әкелетін алапат қасіретін өз басынан өткізгендердің бірі жапон болса, екіншісі - қазақ халқы. Атап айтсақ, Семей сынақ аймағында 1949 жылдан 1991 жылы жабылғанға дейін 40 жылдың ішінде 450 жарылыс сынақтары өткізілген! Соның салдарынан Семей өңірінің, Қарағанды, Павлодар облыстарының кейбір аудандарының тұрғындары уланған суын ішті, ластанған ауасын жұтты. Мұны айтып отырғаным, сол өңірде жеті жылдай тұрып, еңбек еттім. Семей қаласында Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болдым. Сол жылдары жарылыстың болғанын жүрегімізбен сезінетінбіз. Семей қаласынан 200-300 шақырымдай жерде жер асты сынағы өткізілгенде бізге 2-3 балл жер сілкінісі болғандай әсер ететін. Дауысы естілмейді, бірақ жердің бұлқынысынан үйлер тербеліп кететін. Ауа райына да әсері байқалатын. Әсіресе, үлкен адамдар бірден сезетін-ді. Бірақ ол кезде оның бәрі жасырын болды. Халыққа шындығын айтпайды. «Бұл жерді солқылдатып жатқан ненің күші?» деген сұрақты ешкім қоя алмайтын еді.
Жалпы, сынақтар жер астында жүргізіліпті. Алайда, ауаға да бұлт секілді шығып кететін жағдайлары болыпты. Оның қанша жерге дейін баратынын былайғы халық білмейді. Жердің астында болды десек те, сулар арқылы барша тіршілік иесіне, оның ішінде адамдарға да радияциялық у жететіні анық. Атақты ақын Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын құрғаны ядролық жарылыстан зардап шеккен аймаққа үлкен серпіліс берді. Сол кездегі Кеңес одағын басқарып отырғандарға жасалған алғашқы қарсы дүмпу еді. Ақынның бастамасын сол тұста тек семейліктер емес, барша Қазақстан халқы қолдады. Бұған көптеген шетелдіктер де үн қосты. Сынақ аймағының зардабынан мүгедек болған балаларды көрсетті. Қазақта қай ғасырда да бір өңірде соншама көп мүгедектер болған емес. Соның бәрі полигонның тікелей әсері. Оның сыртында дүниеге он екі мүшесі сау болып келген қаншама тұрғын денсаулығынан айырылып, неше түрлі айықпас дерттерге, қатерлі ауруларға шалдығып, өмірден ерте көз жұмды.
Ел Президенті Н.Назарбаев 1991 жылы тамыздың 29-ы күні арнайы Жарлығымен Семей сынақ аймағын жапты. Жарылыстың барлығы тоқтатылды. Елбасының ұсынысы қолдауға ие болып, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы тамыздың 29-ын Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні етіп белгіледі. Бұл әлем елдері тарапынан бірден қолдау тапқан бастама болды.
Ядролық қарудың алапат күшін қазір кітаптар мен кинолар арқылы жақсы білеміз. 65 жыл бұрын Жапонияның Хиросимо мен Нагасаки қалаларында өткізген Американың ядролық жарылыстары екі қаланы да тұрғындармен бірге тегістеп, түгелдей тіршілік біткенді өртеп жіберген еді. Жапондардың да бізді жақсы түсінетіні - олар бомбалардың апатына ұшыраған болса, біздер Семей сынақ аймағында жасалған жарылыстардан зардап шектік. Сол секілді еліміздің батыс өңірінде Капустин Яр полигоны да өз залалын тигізуде. Жер бетінде қазір сондай бірнеше сынақ аймақтары бар. Келешекте адамзат болып қарсы тұрып, олардың жарылыс жасау әрекетін тоқтатпасақ, кейін қалыпқа келтіруге мүмкін болмайтындай апаттарға ұрынуымыз әбден ықтимал.
Осы кезге дейін неше түрлі зерттеулер жасалды, қандай әсері болатыны анықталды, енді әрі қарай ядролық қаруға неменеге сынақтар өткізе береміз?! Елбасының мақаласындағы ұсыныстарының негізгі өзегі - ядролық қаруға мүлдем тосқауыл қою, сынақ жарылыстарын да біржола тоқтату.
Өз мақаласында Елбасы Қазақстанда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық оқу орталығын құруды ұсынған. Бізде Курчатов қаласында зерттеу жүргізетін орталықтар болды. Ол жерде кезінде небір ғалымдар еңбек етті. Оның базасы негізінде орталық құруға толық негіз бар. Сол қалада нақты ғылыми деректерге сүйеніп жасалған, жылдар бойы жиналған қаншама зерттеу материалдары сақталды десеңізші?! Соның барлығын бейбіт мақсатқа пайдалануға болады.
Дегенмен атом қаруына ие болуға ұмтылғандар аз емес. Айталық, Солтүстік Корея бір зымыранын ұшырып, өзін ядролық державамыз деп жариялады. Одан кейін Пәкістан да өзінің атом қаруына ие екенін мәлім етті. Ал Иранның ұстанған бағыты басқа деп ойлаймын. Олар атом қуатын бейбіт мақсатқа пайдаланатынын жариялауда. Атомның қуатын адамның тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, өркениеттік жетістіктерге үлес қосу үшін пайдалануға бағытталған жобалар болса, оны қолдау керек. Мәселен, Кеңес одағы кезінде бірінші атом электр станциясы болды. Ол Белаяр атом электр станциясы еді. Сол секілді «Ленин» атындағы мұзжарғыш кемесі және мұхиттарда жүзетін атомдық сүңгуір кемелер болды. Солар атомдық қуатты пайдаланды. Өйткені жер бетінде көмір де бітеді, мұнай да бітеді. Бірақ уранның кішкентай түйірі өте қуаттылығымен ерекшеленеді. Алла бізге сана берді, қарым-қатынас үшін тіл берді, өзге тіршілік иелерінен ақылымызбен артық етіп жаратты. «Енді осы бергенімді неге ізкілікке пайданбай отырсыңдар?!» деп Алланың өзі де қарап тұрған сияқты. Сондықтан атомдық қуатты тапқаннан кейін адамды адам өлтіруі үшін емес, тек тіршілікті жақсартуға, бейбіт мақсатқа жұмсауымыз қажет. Адамзаттың ендігі арман-мұратының бәрі бейбітшілік үшін бағытталуы тиіс.
Атомдық қуатты пайдаланып электр станциясын салғысы келетін елдер де өте көп. Алайда, одан алынатын өнім емес, қауіпсіздік мәселесі бірінші кезекте тұруы керек. 1986 жылы 26 сәуірде Чернобыль апаты орын алғаны белгілі. Бастапқыда оған көп мән берілмеді. Бірінші кезекте Батыс Еуропа мемлекеттері бірінші болып шу көтерді. Олар «Кеңес одағында жарылыс болды, олардың басқа да атомдық станциялары жабылуы керек!» деп мәселе қойды. Оның үлкен апат әкелетінін оған дейін көп адам біле қойған жоқ қой. Содан кейін барлық жерде қауіпсіздік мәселесі күшейтілді. Бүгінгі таңда Францияда және басқа бірқатар елдерде атом электр станциялары бар.
Менің ойымша, алдағы уақытта әлемнің дамуына ықпалды елдердің бірінші басшылары бас қосып, «Халықтың мүддесін қорғауға және тұрмысын жақсарту үшін атомды қалай пайдалану керек?» деген мәселе төңірегінде арнайы кеңес өткізіп, нақты тоқтамға, бір мәмілеге келуі керек секілді.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мақаласы ядролық қаруы бар мемлекеттердің басшыларына жолдаған үндеуі деп есептеймін.