Елбасы: Жаңа кен орындарын барлауға ең ірі халықаралық компанияларды тарту керек
АТЫРАУ-АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысы әкімдерімен өткізген жиналыс барысында Қазақстан Президенті елдің батыс өңірінің дамуындағы басымдығы бар бірнеше бағытты атап өтті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
«Біз индустрияландырудың бірінші бесжылдығын іске асырдық, 80 мың жұмыс орнын аштық, енді қазір екінші кезеңге кірістік. Тек батыс өңірдің өзінде ғана 177 жоба іске қосылды, бірақ соның 50 пайызы жұмыс істемейді немесе жоспарланған қуатына жеткізілмеген», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы маңызды бағыт ретінде кен орындарын барлау ісін жандандыруды атады.
«Тіпті Теңіз бен Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының өзі 10-15 жылдан соң кен өндірудің ең шырқау шегіне жетеді. Егер осы уақыт аралығында жаңа кен орындарына барлау жасамасақ, оның салдары ауыр болады. Барлауға ең ірі халықаралық компанияларды тарту керек. Каспий маңы ойпатында барланбаған орасан мол кен қорлары барын біз білеміз», - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мұнай мен газды тереңдете өңдеудің мөлшерін арттыру қажеттігіне де тоқталды.
«Біз өндірілген ресурстардың барынша жоғары қосымша құнын қамтамасыз етуге тиіспіз. Сондықтан да мұнай химиясына көп көңіл бөліп отырмыз. Атырау облысында күрделі полимерлер өндіретін мұнай өңдеу зауытын қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Мұндай кәсіпорындардың құны 5-6 миллиард доллар болады. Қазір Қазақстанның ауқымды мұнай химиясын дамытуға негіз қалануда. Сондықтан «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» еркін экономикалық аймағының құрылысына елеулі қаражат бөлініп жатыр. Оны тиімді игеру Үкімет пен Атырау облысы басшылығының міндеті болып саналады», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мұнайды өңдеу тереңдігі Қазақстанда - 68%, Ресейде - 72%, Еуроодақта - 85%, АҚШ-та 95% екенін айтты. Мемлекет басшысы осы ретте бұл үдеріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап көрсетті.