Елбасы: Жаңа үйлесімді жүйенің даму негізі - жаңа әлемдік валюта болатынына сенімдімін
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы ІІ Астаналық экономикалық форум «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздігі» тақырыбына арналды. Тәуелсіздік сарайында 40-тан астам елден келген ғалымдар бас қосқан алқалы кеңестің бірінші күні экономика саласындағы пікірлер мен әлемдік қаржы дағдарысын еңсеру бағытындағы ұсыныстардан кенде болған жоқ.
Әсіресе, форумға сыйлы қонақ ретінде шақырылған Нобель сыйлығының иегерлері Роберт Манделл мен Эдмунд Фелпс, Ислам Даму Банкінің президенті Ахмед Мохаммед Әли әл-Мадани, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс-президенті Жан Лемьер өз тәжірибелеріне сүйеніп дүниежүзілік экономиканың дамуы барысына өз шолуларын жасап та үлгерді.
ІІ Астаналық экономикалық форумды ашып, сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін Астанада ІІ Экономикалық форумға жиналған әлемнің жетекші компаниялары мен даму институттарының белгілі саясаткерлері мен ғалымдарымен жүздескеніме өте зор қуаныштымын. Күллі адамзат баласын толғандырып келе жатқан жаһандық экономикалық қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты талқылап, жаңа ұсыныс-пікірлерімізді білдіріп, ой бөлісіп, өзара тәжірибе алмасу үшін Қазақстан астанасында бас қосып отырмыз. Қазіргідей бүкіл әлемді шарлаған экономикалық дағдарыс жағдайында өтіп жатқан бұл форумның маңызы зор деп білемін. Біздің халқымызда «қамданған қапы қалмайды» деген мақал бар. Осы орайда, алқалы басқосуымызда қоғамды толғандырып жүрген мәселелерді шешу жолдарын бірлесе отырып қарастырамыз деп ойлаймын. Бүгін ІІ Астаналық Экономикалық форум жұмысы табысты өтеді деп сенемін», - деді.
Астаналық экономикалық форум қиын кезеңде өтіп жатқанына тоқталған Мемлекет басшысы, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып әлемдік дағдарыстың әсерін сезінгенін, алайда елімізде осы тектес қиындықтардан өту бағытында ауқымды жұмыстарды атқарылғанын жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан қаржылық мығымдылықтың тиісті қорын құрды. Бірінші кезекте Ұлттық қорда жинақталған қаржыны айтуға болады.
Форум барысында шетелдік ғалымдар Қазақстанның бүгінде дағдарысқа қарсы әзірлеген айқын бағдарламасына оң бағасын беріп отырғандықтарын жасырмады. Макроэкономикалық қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу, ауыл шаруашылығын қолдау, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары бойынша тиісті жұмыстар атқарылғанын айтып өткен Мемлекет басшысы, осы мақсаттарға 18 миллиардқа жуық АҚШ долларын бөлінгенін, бұл еліміздегі ІЖӨ-нің 14 пайызын құрайтынына тоқталды.
Өз сөзінде бүгінде әлемдік қаржы жүйесі қазіргі заманғы өмірдің сұраныстарынан қалыс қалып отырғандығын және бұл бүкіл әлемнің дамуын тежеп келеді, - деп қадай айтты Президент, «кез келген өндірістің дамуы негізінде оның технологиясын жаңарту жатыр. Әр технологиянының түбегейлі жаңартылуы оның парадигмасын ауыстыруды көздейді. Ал парадигманың түбегейлі жаңаруының негізі -бұл түбегейлі инновация. Яғни бұл экономика мен қоғамның кез келген саласының жаңару жүйесінің әртүрлі үш қабаты», деді.
Елбасы өз сөзінде, егер жақын арада экономикалық парадигманың базалық жаңаруын түбегейлі жасалмаса, онда әлемде ауырпалықтардан шығу қиынға түседі, деп атап өтті.
Осы орайда түбейгелі жаңарудың бір жоспарын Қазақстан ұсынып отыр. Әлемдік валюталық-қаржы жүйесіндегі терең қайшылықтар оның архитектурасын реформалауды анық көрсетуде.
Реформалау үш мәселені қарастырады. Біріншісі, бұл жаңа парадигманың ізденісі, жаңа ғасырдың қатерлері мен қауіптеріне сәйкес әлемдік экономиканың базалық парадигматикасын жүргізу. Екіншісі, әлемдік геоқаржылық технологиялардың жаңару жолдарын ХХІ ғасырдың басындағы деңгейіне жеткізу. Әлемдік валюта-қаржылық жүйесін оны негізгі пайдаланушылардың базалық мүдделеріне, мақсаттарға және құндылықтарына реттеу. Ал үшіншісі, жаһандық дағдарыстан шығудың магистралды жолы ретінде әлем мен адамзаттың түбегейлі жаңаруы мақсатын шешу бағытында валюталық-қаржылық құралдарды қайта іске қосу.
Осы орайда Елбасы жаңа үйлесімді жүйенің даму негізі - жаңа әлемдік валюта болатынына сенімділігін білдірді.
«Бүгінгі күні әлемдік валюта эмиссиялары осы валютаны пайдаланатын мемлекеттердің, әлемдік қауымдастықтың бақылауында болмай отыр. Бұл өз кезегінде бүгінгі әлемдік валюталық жүйе қызметін адамзат дамуының мақсатына сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жүйе нақты түрде уақыттың тезіне шыдамайтындай болып ескірді. Мен жаңа үйлесімді жүйенің даму негізі - жаңа әлемдік валюта болатынына сенімдімін. Бұл үшін ең алдымен әлемдік валюта туралы әлемнің басым елдерінің парламенттерімен қабылданған, БҰҰ-мен мақұлданған жалпы заң болуы шарт. Бұл нарықта жекелеген топтар, әлемдік валюта эмитенті үшін кез-келген артықшылықтарды болдырмау қажет. Мұндай жүйе адамзат тарихындағы алғашқы заңды әлемдік валютаны құрудың негізі болатын еді», - деді Елбасы. Бұл үшін ең алдымен әлемдік валютаның ескі деффектілерінің жүктемелерін шектеп немесе қайта бөліп, оны өңірлік, құрлықаралық валюталық бірліктерге жіктеген орынды болар еді.
Алқалы кеңес барысында Мемлекет басшысы ЕурАзЭҚ аясында бірегей валюта енгізуді ұсынды.
«Әлемде өңірлік, мемлекетаралық есептесу бірліктерін дайындау үдерісі бірнеше онжылдықтар бойы жалғасып келеді. Бұндағы алғашқы қарлығаш «еуро» болды. Біз бұған ұқсас үдерістердің Азияның барлық жерлерінде жүргізіліп жатқанын байқаймыз. Парсы шығанағында, Латын Америкасында, Оңтүстік Шығыс Азияда, осындай үдерістер байқалады. Қазіргі күні Қазақстан да өзінің өңірлік, құрлықаралық ықпалдастықтағы әріптестерімен бірге өңірлік, ықпалдастық бірлестіктер құру арнасына жұмыс істеуде», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Н. Назарбаев бүгінгі күні ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің дағдарыс құбылыстарын, ауыртпашылықтарын төмендете алатын мүмкіндіктерінің бар екендігін атап өтті. Президенттің пікірінше, ішкі ықпалдастық бірлікте өзіндік, бірегей, мемлекетаралық, қолма-қолсыз, есептесу-төлеу бірлігін енгізуге де болады. Бұның бағыты әлемдік валютаның шайқалуына тәуелді болмауы тиіс. Жаңа валюталық жүйе қазір қалыптасып қойған валюталық жүйені күйретпей-ақ тұрақты, ұзақмерзімді инфрақұрылымды жүргізуге, инвестициялауға, ағымдағы транзакцияларды жедел жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе мемлекетаралық субъектілер арасында қолма-қол ақшасыз транзакцияны қамтамасыз етіп, заңды және жеке тұлғалар үшін ЕурАзЭҚ-тің ішкі және сыртқы қызметінде пайдалануы тиіс. Және бұл жүйе ЕурАзЭҚ мемлекеттеріне және әлемдік қауымдастық мүддесіне икемделуі шарт.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ бұндай мемлекетаралық, электронды есептеу бірлігінің атауына мысалдар келтіре отырып, оны «ЕурАз» немесе «ЕурАзия» деп атауға болатынын да атап өтті. «Бұл мақсатта арнайы жұмыс тобын құру қажет. Біз осындай топты Қазақстанда қабылдауға, олардың жемісті жұмыс істеуіне жағдай жасауға әзірміз», - деді Н. Назарбаев.
Бүгінгі форумға қатысушы қонақтар әлемдік валютаны енгізу жөніндегі ұсынысты қолдап отырғандықтарын байқатты.
«Біздің ортақ валютаны енгізу жөніндегі ұсынысымыз тым батыл естілуі мүмкін. Бірақ менің осы форумға қатысушы делегаттармен өткізген кездесулерім олардың бұл идеяны қолдайтындығын көрсетті. Олардың ішінде Нобель сыйлығының иегерлері Роберт Манделл, Эдмунд Фелпс және тағы басқа шетелдік меймандар бар. Олар бұл идеяны қолдайды және біздің осы бағыттағы көзқарасымыз бірдей болып отыр. Бүгін Астанадағы II Экономикалық форумға әлемдік элитаның көшбасшылары жиналды. Олар - болашаққа көз тастап, нақты болжам жасай алатын кәсіби мамандар. Сондықтан бүгін талқыға салынып отырған әлемдік валюта мәселесі көптеген халықаралық жиындардың пысықтауына түсіп, ағымдағы жылы сәуір айында өтетін мемлекет басшылардың басқосуында негізгі мәселе ретінде қарастырылады деп сенемін. Ал осы жұмысқа II Астаналық экономикалық форум бастау болады деп білемін», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеше, наурыздың 10-ында Ақордада Елбасының қабылдауында болғаннан кейін өткен брифингте Нобель сыйлығының иегері Роберт Манделл түбінде жаһандық валюта пайда болуы мүмкін екенін, алайда алдағы 5 жылда жаһандық жаңа валютаның пайда болу ықтималдығы 100 пайыздың 30-ына тең екенін айтып өткен еді.
Форум барысында Р. Манделл әлемдік бірыңғай валютаны тиімді жүзеге асыру формуласын табу қажет жеткізді.
«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Британия мен АҚШ жоспарларында әлемдік жүйеде ғаламдық бірыңғай валюта енгізу мәселесі қаралған болатын. Бірақ, бұл шара АҚШ тарапынан саяси мәселелер туындағандықтан, оның үстіне бұндай валютаны құру түсінігі және оның тиімділігі туралы жеткіліксіз жұмыстар қамтылғандықтан аяқсыз қалған болатын. Содан 20 жыл өткеннен кейін шамамен, 1965 жылдары долларға қатысты проблеманың бар екендігі анық байқалды. Өйткені, бірқатар мемлекеттер долларды сатып алса, АҚШ-қа долларды алтынға қарай конвертациялау мәселесі тұрды. Бұл жұмыстың өзі оңай болған жоқ. Бұл кезеңде де әлемдік валютаны енгізу мүмкіндігі туралы әңгіме қозғалып, оның алтын қорының кепілінсіз іске аспайтыны себепті идея ары қарай дамымай қалды. Шындығында, дағдарыс туындаған барлық кезеңдерде әлемдік бірыңғай валюта құру туралы сөз болып отырды. Ал бүгінгі күні бұны тиімді жүзеге асыру формуласын ойлап тапсақ, онда бұл өте дөп идея болатын еді», дейді Р. Манделл. Сонымен бірге, ғалым «Үлкен 20 ел тобы» осы мәселені талқылап, Халықаралық валюта қоры жанынан комитет құрса дұрыс болар еді деген ойын айта келе, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың әлемдік бірыңғай валюта жүйесін енгізу туралы идеясын қолдайтындығын бүкпей айтты.
Қазақстанның жүйеқұраушы банктерге қолдау көрсетуі қадамын оң бағалайтынына тоқталған Р. Манделл, «мен кейбір банктерді уақытша мемлекет қарамағына алу керек болғанына сенімдімін. Қазақстанда болған жағдайды қажетті қадам деп айтар едім», - деді.
Сонымен қатар дағдарыстан шығу мәселесіне шолу жасаған ғалым, «егер Федералдық резервтік жүйе экономикаға ақшаны салуды жалғастыра түссе, онда АҚШ экономикасы биылғы жылдың үшінші тоқсанында қалпына келе бастайды. Ал Еуропалық экономика кейінірек, яғни алдағы жылдың басында түзелмек. Кейбір экономикалар АҚШ-пен қатар жылжып, рецессиядан ағымдағы жылдың соңына қарай шыға бастайды», деді.
Өз кезегінде ІІ Астаналық форум аясында Қазақстанға сапармен келген Нобель сыйлығының лауреаты Эдмунд Фелпс әлемдік қаржы дағдарысынан шығудың жолы қаржы секторын қайта ұйымдастыру мен банктердің жаңа класын құруда жатқанын айтады.
Оны еңсеруге байланысты өзінің пікірімен бөліскен ол, «бұл дағдарыстан шығу бағытында біз қаржы секторын қайта ұйымдастыруымыз қажет. Біз бұрынғы қалпындағыдай коммерциялық инвестициялық банктерді қайта жасамауымыз керек. Біз банктердің жаңа класын құруымыз шарт. Олар ұзақ мерзімді инвестициялар мен инновациялар үшін бизнес-құрылымдарға заемдар беруге мамандандырылатын болады», - дейді
Сонымен бірге бүгінгі алқалы кеңес барысында Ислам Даму банкі Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдірді. Ислам Даму банкі бүгінге дейін Қазақстанда бірқатар маңызды жобаларға қатысып отырғандығы белгілі. «Өзіміздің тарапымыздан исламдық қаржыландыру институттарын бекіту үшін Қазақстанға қажетті техникалық, процедуралық қолдау көрсетуді бақылауға алуға дайынбыз. Бұл шаралар әлемдік дағдарыс кезінде өте маңызды. Себебі ислам банктері мен исламдық қаржыландыру институттары дағдарыс кезінде өздерінің тұрақтылығын көрсете білді. Атап айтқанда, олардағы ұстанымдар басқа қаржыландыру институттарына қарағанда ерекше», деді кеше Елбасының қабылдауында болғаннан кейін өткен брифингте аталған банктің президенті Ахмад Мохамед Әли әл-Мадани.
Сонымен, ертең, наурыздың 12-сінде жалғасын табатын форумның пленарлық отырысында экономиканың жілігін шағып жүрген басқа да танымал ғалымдардың тарапынан түртіп қоярлық ұсыныстар болатынына сеніміміз мол. Астанада құрылған бұл пікіралмасу алаңы қазіргі дағдарыс кезінде тиісті рөл атқарып отырғандығы да мәлім.
Бүгін белгілі болғанындай, ІІІ Астаналық экономикалық форумды 2010 жылдың шілде айында өткізу жоспарланып отыр. Бұл екі форумның аралығында әлемдік экономиканы тұрақтандыру бойынша маңызды шешімдер қабылданатынына сенім мол.