Елбасы: Жаңғырудың мәнін елге жете түсіндіру - басты міндеттердің қатарында

«Үшінші сессияда осы жақсы үрдістерді жалғастырып, қарқынды әрі сапалы жұмыс істеуіміз керек. Алдымызда талай сүбелі шаруалар тұр. Басталған келелі істерді ары қарай да заңнамалық қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ жан-жақты жаңғырудың мәні мен мақсатын елге жете түсіндіріп, оған халықты жұмылдыру да басты міндеттердің қатарында. Депутаттар өзге билік тармақтарымен және халықпен тығыз жұмыс істеп, ел сенімін ақтайтынына кәміл сенемін»,-деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өткен екінші сессияда ҚР Парламенті ауқымды шараларды жүзеге асырғанын атап өтті.
«Елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз. Болашақта да бірлігімізді сақтайтын болсақ, алатын белестеріміз әлі де көп, сондықтан барлығына қолымыз жетеді деп сенемін. Көзделген жұмыстардың қарқынды әрі жүйелі атқарылуына Парламенттің де қосқан үлесі зор. Өткен сессияда жемісті жұмыс жасалды, қорытынды жасаған кезде оның барлығын айттыңыздар. Парламент қоржынындағы 111 заң жобасының 84-і қаралып, қабылданды. Қазір олар күшіне еніп, еліміздің игілігіне қызмет етіп жатыр. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң ең негізгі, біз үшін қажетті әрі маңызды екенін білесіздер. Депутаттардың да белсенділігі жоғары деңгейде. Сіздердің бастамаларыңызбен бір жылда 15 заң жобасы дайындалды, 17 Үкімет сағаты мен 7 парламенттік тыңдау аясында билік тармақтарымен маңызды мәселелер бойынша тығыз байланыста жұмыс істелді», - деді Н.Назарбаев.