Елбасы жастарға үлкен сенім артып отыр - Р.Валиев, БҚО
Л. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауын Шыңғырлау ауданының жастары да зор ынта-ықыласпен тыңдап, баспасөз бетінен оқуда.
Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Шыңғырлау аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Равиль Валиев мәлім етті.
Оның айтуынша, Елбасымыз жастарға үлкен сенім артып отыр. «Біздер ағалар ісін жалғастырып, олардың жарқын істерін әрдайым үлгі тұтамыз. Жастарға қатысты мәселелерді тек мемлекет шешеді деп отырмауымыз керек. Ол үшін біздің тарапымыздан да белсенділік болғаны жөн және солай болып та жүр. Жолдауда білім саласына көп көңіл бөлінген. Білімді ұрпақтың алдында таңдау көп. Мемлекеттің қолдауымен қаншама жас алыс-жақын шетелде білім алып, туған жерге келіп, еңбек етуде. Біз, жастар ауылды, жалпы, туған елді түлетуіміз керек. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы жастарға жасалған үлкен қамқорлық деп білемін. Қазақстанды мекендеген жүзден астам ұлттың бір өкілі ретінде елдегі ынтымақтың ұйытқысы, көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлының саясатын әркез қолдаймын», деді Р.Валиев.