Елбасы Жолдауы қазақ жастарына жігер береді - Р.Әшенова, БҚО
ОРАЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауының Қазақстан тәуелсіздігі күні қарсаңында жолдануы ерекше оқиға деп білемін. Бұл Жолдау басқа Жолдаулардан өзге.
Бұл туралы БҚО дін істері департаментінің жетекші маманы Ранида Әшенова мәлім етті.
Оның айтуынша, дағдарысқа байланысты дүниежүзінің көпшілік елдері тек тіршілік қамын күйттеп жүргенде, Қазақстан елі 2050 жылға дейінгі өзінің бас жоспарын анықтап алды. «2050 жыл жай бейнелі дата емес. Бұл - бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім», - деп басып айтты Елбасы. Сондай-ақ алдағы 40 жылдағы сын-қатерлер де, ел дамуының басым бағыттары да нақты көрсетілген. Жас маман ретінде жастар, әлеуметтік бағыт, жаңа кадр саясаты туралы айтылған басымдықтарды ерекше ықыласпен тыңдадым. Әсіресе, әлеуметтік салада ана мен бала, оны қорғау туралы бөлімі мені ерекше ойландырды. Қазақ қызының мәртебесі туралы «Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Олар банк карточкаларына ие болуға, көлік жүргізіп, қызмет жолын қалыптастыруға, заманға сай және сәнденуге тиіс. Ал біздерде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге жол бермеуіміз тиіс. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар», - деуінде көп мағына жатыр.
«Мен XXI ғасыр Қазақстанның алтын ғасыры боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», - деген Елбасы сөзі қазақ жастарына жігер береді деп сенемін», деп түйіндеді ойын Р.Әшенова.