Елбасы Жолдауын Батыс Қазақстан жастары да қызу қолдап отыр
ОРАЛ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын «Өркен» қосымша білім беру орталығы ұжымы мен «Жас өркен» жастар қоғамдық бірлестігінің жас көшбасшылары қызу қолдады. Бұл туралы «Өркен» қосымша білім беру орталығының директоры Айболат Қожанғалиев мәлім етті.
Оның айтуынша, Жолдауда алда атқарылатын сүбелі істер мен міндеттер айқындалған. Әсіресе, білім саласына қатысты 2020 жылға қарай білім берудің 12 жылдық үлгісіне толық көшу жүзеге асырылып, оған 2015 жылға қарай республикалық бюджет қаражаты есебінен және сол мөлшерде жергілікті қазынадан кем дегенде 200 мектеп салынатыны көңіл қуантады. Сонымен қатар 2015 жылға қарай білім беру ұйымдары электронды оқытуды пайдаланып, ал 2020 жылға қарай олардың саны 90 пайызға дейін артатыны тың табыстарға жетелейтіні анық.
Елбасымыздың мемлекеттік тілді дамыту бағытында айтқан сөздерін де ұжым қолдап отыр.
«Мемлекет басшысы сондай-ақ 2011 жылды Тәуелсіздіктің 20 жылдығы жылы деп жариялады. Мұның өзі еліміздегі барлық жарқын істердің еліміздің дамуы мен гүлденуі үшін атқарылып жатқанын айқындайды. Елбасы Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру үшін жастарға жүктелетін міндеттің зор екенін байқауға болады. Осы жолда тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін облыс жастарының белсенділікпен еңбектенетініне сенімім зор», деді А.Қожанғалиев.