Елбасы Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Теректі ауданында болды
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. 5 қазан. ҚазАқпарат /Ділдә Бекқожина/ - Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаттарын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттық тобының Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Андар Шоқпытов бастаған мүшелері Теректі ауданында болды.
Жұмыс сапары барысында делегация мүшелері және БҚО Қазынашылық департаментінің бастығы Дархан Қуанышев, Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов Пойма ауылындағы «Батыс Күнбағыс» АҚ жұмысымен танысты, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде салынған Подстепный ауылындағы 345 орындық мемлекеттік тілде оқытатын жалпы орта білім беретін мектепте, «Үміт» лингвистикалық гимназиясында және Подстепный ауылында салынып жатқан балабақша құрылысында болып, осы ауыл тұрғындарымен кездесті. Оның барысында Елбасы Жолдауында белгіленген шаралардың республика көлемінде жүзеге асырылуы барысы жөнінде ақпарат беріліп, алда тұрған міндеттер талқыланды.
Сондай-ақ вице-министр А.Шоқпытов жиынға қатысқан ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген сұрақтарға тұшымды жауап қайтарды.