Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға байланысты Орал қаласының активі бас қосты

ОРАЛ. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Жолдауына орай Орал қаласы активінің жиналысы болды.

Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға байланысты Орал қаласының активі бас қосты

Онда қала әкімі Болат Шәкімов баяндама жасап, жылдың басты құжатына байланысты алда тұрған міндеттерді атап көрсетті. Сондай-ақ өткен жыл қорытындыларына, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес қалада үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес нақты шаруалар жасалуда. Төрт жоба жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Өткен жылғы су тасқыны кезінде оралдықтарға бүкіл ел көмектесті. Соның нәтижесінде тасқын судан зардап шеккен тұрғындар баспанамен қамтылса, 290 орындық екі балабақша пайдалануға берілді. 1200 орындық мектеп құрылысы аяқтала келді. Қала жолдарын жөндеу, абаттандыру, апаттық үйлер мен әлеуметтік нысандарды ретке келтіру және басқа жұмыстар биыл да жалғасады.

Актив жиынында соғыс және еңбек ардагері Хамза Сафин, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Тамара Кучкина, №3 қалалық емхананың директоры Қашура Әжіғұлова және басқалар Елбасы Жолдауын  жүзеге асыруға өз үлестерін қосатындықтарын білдірді.