13:38, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға байланысты Премьер-Министр бірқатар тапсырмалар берді
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру бойынша іс-қимылдар жоспарын орындауға байланысты бірқатар тапсырмалар берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Наурыздың 13-інде Республикалық бюджеттік комиссияның отырысы өтеді. Онда Елбасының берген тапсырмаларын орындау бағытындағы мәселелер қаралады», - деді Үкімет басшысы. Осыған байланысты К. Мәсімов бұл жұмысты үйлестіру үшін Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевқа тиісті тапсырма берді.
«Наурыздың 18-інде Парламент қарауына енгізу үшін наурыздың 17-індегі Үкімет отырысында 2009 жылдың бюджеті бойынша өзгертулер қабылданады», деді К. Мәсімов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовке алдағы жұма күні тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі бойынша әкімдердің орынбасарларымен селекторлық кеңес өткізуді тапсырды.
Ал Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке құрылыс мәселесіне қатысты шараларды қарастыру жүктелді.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетовке Астана мен Алматыдағы арендалық тұрғын үй қорының жұмыс істеуіне байланысты мәселені қарастыру тапсырылды.