Елбасы Жолдауына байланысты Тасқала ауданында арнайы іс-шаралар жоспары жасалмақ - БҚО
ОРАЛ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - 21 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға және насихаттауға байланысты Тасқала ауданы активі бас қосты.
Жиында аудан әкімі Қуат Мусин Жолдауда айтылған міндеттер бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, іс-шаралар жоспары мен арнайы бағдарламалар жасақтауды жүктеді. «Жолдауда тәуелсіздік жылдарындағы елдің жетістіктері сараланды. Елбасының көшбасшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Көпұлтты мемлекетіміз ынтымағы жарасқан елге айналды», - деді аудан басшысы.
Әкім сонымен бірге алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басып келе жатқан Қазақ елінің жаһандық дағдарыс жағдайында да дамуын жалғастыра білгенін тілге тиек етіп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтауда қазақстандық үлгінің әлемге танылғандығын баса айтты. Енді Елбасы белгілеп берген жеті басым бағыт бойынша Тасқала ауданында өркенді істер атқарылатын болады.