Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді шешу әрқайсымыздың күш-жігерімізге тікелей байланысты - С.Есілов
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді шешу біздің әрқайсымыздың күш-жігерімізге тікелей байланысты.
Бұл пікірді бүгін Астана қаласының әкімдігінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау барысында Астана қалалық мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов білдірді.
Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берумен қатар ХХІ ғасырдың ең басты - 10 жаһандық сын-қатерін де ерекше бөле-жара көрсетіп, оның шешу жолдарын ұсынды.
«Мемлекет басшысы- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жолғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, барша аудиторияға, Қазақстан халқына арналған. Оның ішінде, әсіресе, жастарға мол үміт артылады», - деді ол.
Сонымен қатар бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінің құрдастары, ертеңгі ісіне мығым басқарушылар екендігін айтқан С.Есілов: «Бағдарламалық құжат бздерден терең талдау мен байыпты тәсілдерді қажет етеді. Жұмыс белсенді әрі тұрақты жүргізілуі керек. Өйткені жүктелген міндеттердің сәтті жүзеге асырылуы біздің әрқайсымыздың күш-жігерімізге байланысты», - деді мәслихат хатшысы.