Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді

ПЕТРОПАВЛ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Петропавл әуежайында Мемлекет басшысын және оған еріп келген лауазымды тұлғаларды облыс әкімі Серік Біләлов қарсы алды.

Елбасы  жұмыс сапарымен  Солтүстік Қазақстан  облысына   келді

Сапар бағдарламасы бойынша Елбасы ат басын тіреген бірінші нысан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған, ауысымда 500 адамды қабылдай алатын жаңа емхана болды.

Жобаның мақсаты мен идеясы - өңірдегі амбулаториялық-емханалық қызметті дамыту және оларды әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету. Емхананың құрылысына қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінді. Нысанның құны 1361,7 миллион теңгені құрап отыр, оның ішінде 252,2 миллион теңге сома - жабдықтардың құны.

Емхананың құрылысы 2008 жылдың желтоқсан айында басталып, ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталды. Құрылыстың бас мердігері - облысқа танымал «Фирма Строитель» ЖШС.

Елбасы жүзеге асырылған бұл жобаға жоғары баға бере келе, әлемдік дағдарысқа қарамастан, елімізде әлеуметтік нысандардың, оның ішінде денсаулық саласында заманауи медициналық орталықтардың құрылыстары жалғасып отырғанын мемлекеттің және бұл салаға үлкен мән беріп отырғанын атап көрсетті. Президент емхананың қызметкерлерімен пікір алысты және ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.

Елбасы емхана ұжымына «Шевроле АЗИЯ-АВТО» маркалы 4 жеңіл автокөлік тарту етті.