Елбасыға ақтөбелік полицейлер жарақталған заманауи арнайы техникалардың мүмкіндіктері таныстырылды
ӨБЕ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін Ақтөбеде жұмыс сапарымен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтөбеқұрылысхиммонтаж» серіктестігінің зауытынан кейін, қаланың Зауыт полиция бөлімінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысты.
Полиция бөлімінің жаңа әкімшілік ғимараты бес қабатты негізгі корпустан және оған жапсарлас екіқабатты екі корпустан тұрады, нысанның жалпы ауданы 6 мың шаршыметрді құрайды.
Елбасы бөлімнің жұмысымен, ондағы материалдардың қозғалысын «оnline» режимде қадағалауға мүмкіндік беретін ақпараттық терминалдың мүмкіндіктерімен танысты.
Ақтөбе өңірінде полиция қызметін техникалық қайта жарақтау жұмыстары жүргізілуде, инновациялық технологиялар енгізілуде және мәліметтердің біртұтас ақпараттық базасы жасақталуда. Атап айтқанда, ішкі істер органдары мен атқарушы билік бірлесіп жүзеге асырған «Қайнар» ведомствоаралық ақпараттық базасы құрылып отыр. Елбасына осы базаның жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа ақтөбелік полицейлер жарақталған заманауи арнайы техникалардың мүмкіндіктері көрсетілді. Одан кейін салтанатты жағдайда облыстық ІІД қызметкерлеріне 10 пәтердің кілті, ал бөлімдерге 20 қызмет көлігінің кілті табыс етілді.