Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елбасымыз бастаған Қазақстанның биіктен көрінгені - бәріміз үшін мәртебе - М.Әжіғұлов, майдангер

ОРАЛ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасымыз бастаған Қазақстанның биіктен көрінгені - бәріміз үшін мәртебе. Бұл туралы Орал қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Мұхтар Әжіғұлов айтты.

Елбасымыз бастаған Қазақстанның биіктен көрінгені - бәріміз үшін мәртебе - М.Әжіғұлов, майдангер

Елбасының барша қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауын М.Әжіғұлов өзінің әулетімен, зайыбы Қойсын, бала-келін және немере-шөберелерімен бірге отырып тыңдады.

-Елбасы өзінің Жолдауында өткен жылды қорытындылап, биылғы жылғы міндеттерге тоқталды. Сөзге шешен кісі ғой, жақсы айтты. Жолдауда білім беру саласына қатысты мәселелерге көңіл бөлінді. Осынысы ерекше ұнады, өйткені білімді елдің болашағы зор. 2020 жылы мектепке дейінгі балдырғандарды балалабақшамен 100 пайыз қамтитынымызды естіп, қуанып қалдық. 2015 жылы мектептердің 50 пайызы электронды оқуға көшеді. Сондай-ақ Елбасы әкімдерге 12 жылдық оқу жүйесіне көшуге дайындықты күшейтуді шегелеп тапсырды. Сонымен қатар мемлекет басшысы халық денсаулығын сақтау мәселесіне биыл да айрықша назар аударды. Қазір туберкулезбен күрес шараларының нәтижесінде елімізде бұл дертке шалдығу әжептәуір кеміді. Денсаулық сақтау саласына қатысты жаңа нысандар көптеп салынуда. Елбасы қуаңшылыққа қарамастан, елімізде астық қорының жеткілікті екендігін айтты. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені саласына да үлкен міндеттер жүктеді. Ірі қара малын шеттен әкеліп көбейтіп, сыртқа 60 мың тонна ет экспорттауымыз қажет. Қазақстан әлемдік нарықтағы өз орнын ойып алуға ұмтылуы керек. Бүгінде Қазақстан - әлем таныған іргелі мемлекет. Бұдан бұрын Елбасы әлемдегі алдыңғы қатарлы бәсекелестікке қабілетті елу елдің қатарына қосылуды міндеттеген болса, міне, сол міндет бүгінде орындалды. Елбасы қазақ елінің әлем елдері арасынан елуінші орынға шыққанын қуанышпен мәлімдеді. Егемен еліміздің осындай биіктен көрінгені Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының жемісі деп білеміз, - деді Мұхтар Әжіғұлов Елбасының Жолдауынан алған әсерімен бөлісіп.