Елбасының атом бомбасын жою туралы құжатқа қол қойған сәті - ең үлкен ерлігі деп білемін - Әкім Тарази
Мамандығым көркем әдебиет, қаруым көркемсөз болғандықтан мен көбінесе ресми газеттердің мақалаларын мұқият оқымаймын. Көзбен сүзіп қана өтіп, қажеттерін өзімше түсінуге тырысамын. Бұл мақаланы да көзбен бір сүзіп өткен едім. Бірақ орта тұсына келгенде қайтадан басынан бастап мұқият оқуға тура келді. Себебі, осы мақалада көтерілген мәселеге қатысты өмірімде бір қызық оқиға бар еді.
Республикамыз егемендік декларациясын қабылдап, бірақ өзін егемен елміз деп жарияламаған кез болатын. Екіұшты жағдайда тұрғанбыз. Балтық елдері бірден бөлініп кетті. Ресей елі сайлаудың қорытындысын күтіп жүрген. Біз де дүдамал жағдайда едік. Сол күндері мен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы әрі Жоғары Кеңестің төрағасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болдым. Бұл менің ол кісінің алдына екінші баруым. Бұл жолғы қабылдаудың себебі - маған Жапониядан бір таныс жазушым хабарласып, елінің ірі телеарнасының бір топ қызметкерімен Қазақстанға келмек ойын жеткізді. Ол телеарна көрермені 150 миллионнан асатын, Жапонияның өзінде ғана емес, Тынық мұхитының жағалауын мекендеген елдердің көбісіне хабар тарататын. «Барсам,мені Нұрсұлтан Назарбаевқа жолықтыра аласың ба?» деді ол. Мен ойланбастан келісімімді бердім. Сонымен 3 күннен кейін жапондар Алматыға келді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдау бөлмесіне телефон соғып, жапондықтарды алып барсам деген өтінішімді білдірдім. 1 сағаттан кейін жапон делегациясы, ұмытпасам 5 адам, 6-шысы мен - Мемлекет басшысының кабинетінде отырдық. Нұрсұлтан Әбішұлы жапондардың сұрағына 1 сағаттай жауап берді. Содан кейін оларды алып кетейін деп тұрғанымда Президент «Әкім, сен қала тұршы» деді. Сол арада бір қызық әңгіме болды.
Екеуіміз оңаша қалған соң Нұрсұлтан Әбішұлы менен: "Әкім, сен қалай қарайсың, біздің Қазақстанда 102 шахта бар. Шахта дегенім атом бомбасын сақтап тұрған үңгірлер. Әр шахтадан атылатын зымыранның 12 оқтұмсығы бар. Яғни атом жебесі бар. Бәрін қосқанда 1224 бола ма?", деп сұрады менен. Мен үндемей бас изедім.
- Ендеше, деді Нұрсұлтан Әбішұлы, осы зымырандардан құтылсам деп отырмын. Сен қалай қарайсың?.
Мен, әрине абыржып қалдым.
- Қазақстан басшысы өзіңізсіз, сіз шешесіз ғой, -дедім.
- Дегенмен сенен сұрап отырмын.
Мен күмілжіп қалдым.
- Мен не айтайын, Нұрсұлтан Әбішұлы. Бірақ Антон Павловичты білесіз ғой... - деп жақаураттым. Президент күліп жіберді.
- Сен маған Антон Павловичтің бір сөзін айтайын деп отырсың ғой.
- Иә,- дедім мен.
- Антон Павлович Чехов айтқан ғой, "Әр қойылымның алдында мылтық ілулі тұрса, спектакльдің соңында ол мылтық міндетті түрде атылуы керек".
- Дәл солай,- деп жымидым.
- Дұрыс айтасың, деді Нұрсұлтан Әбішұлы, мен осы 1224 тажалдан қалай құтылуды ойлап жүрмін.
Мен де өзімше қалжыңдаған болдым.
- Дұрыс айтасыз дегеніңіз, менің көңіліме қарағаныңыз ғой. Бірақ мәселенің шешімін өзіңіз дәл айтып отырсыз, дедім.
Сонымен біз егемендікті де тойладық. Көп кешікпей Нұрсұлтан Әбішұлы Будапешт қаласында ядролық қаруы бар АҚШ, Франция, Англия, Ресей, Қытай басшыларымен үстел басына отырып, ядролық қарудан Қазақстан бас тартады, деп қол қойды. Ал, ядролық қаруы бар мемлекеттер: АҚШ, Қытай, Англия, Франция және Ресей Қазақстанға басқа бір мемлекет тарапынан қауіп төнетін болса, біз ол мемлекеттің тәуелсіздігін қорғаймыз, деген шартқа қол қойды.
Өткен 2009 жылы Салтанат сарайында Президент ауыз бекіткен қала жұртшылығын дастарқан басына шақырды. Мен де келген едім. Мені өзі отырған үстелге шақырып, қасына жақын тартты. Қазақтың дағдысы бойынша сол дастарқан басында отырған ақсақалдар Елбасына кезек-кезек жылы лебіздерін білдірді. Мен үндемей отырып қалған едім.
- Сен неге үндемейсің Әкім?, - деп күле сұрады Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мен ыңғайсызданып қалдым. Сасқаным болар, «толғанып отырмын Нұрсұлтан Әбішұлы,» дедім.
- Неге толғанасың, - деді Президент.
- Сөйлейін деген ойым бар еді.
- Е, сен теледидардан жақсы сөйлейсің ғой, талай көріп жүрмін, несіне қиналып отырсың?.
- Бұл жолы айтпақ ойымның бір сыры бар еді, - дедім. Сонымен сөз кезегі маған 2-ші, әлде 3-ші болып тиді.
Мен микрофонға шығып, Нұрсұлтан Әбішұлын өзін куәлікке тарта отырып, осы оқиғаны айтып бердім. Елбасы «рас, рас», деп менің сөзімді құптап отырды. Ең соңында, сөзімнің тұжырымында «Нұрсұлтан Әбішұлы осы тәуелсіз қазақ елін басқарғаныңызға мінекей 20 жыл болды. Сол жылда сіздің талай-талай ұтымды, білгір шешімдеріңізді көріп жүрмін, құптап жүрмін. Бірақ солардың ішінде Будапешт қаласында, қасыңызда сол кездегі Сыртқы істер министрі, қазіргі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев екеуіңіз тұрып, сол кездегі дүниежүзінің азулы мемлекеттерінің басшыларымен бір үстел басында отырып, атом бомбасын жою туралы құжатқа қол қойған сәтіңіз - ең үлкен ерлігіңіз деп білемін», дедім.
Әкім Тарази бізбен әңгімесін " қазір де дәл солай ойлаймын", деп қорытты.