Елбасының қатысуымен еліміздің Бас шыршасының шамдары жағылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Астанамыздағы Ақорданың алдындағы бас алаңында әсем шыршамыздың шырағын жақтық. Осы мезгілден бастап бүкіл Қазақстанның облыстарында, қалаларында шырша шамдары жағылып, Жаңа жылдың тойы басталады»,- деді Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.
Президент Жаңа жылды, әсіресе жастар мен бүлдіршіндер асыға күтетіндігін айта келе: «бір айдан кейін 2010-ның Жаңа жылы келеді. Бір айдың ішінде көп жұмыстар атқарылатын болады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Дағдарысқа қарамай халықтың жағдайын жақсарту жолындағы еңбекпен Жаңа жылды қарсы алатын боламыз. «Өткенге өкпе жоқ, болашаққа үлкен үміт» деген сөз бар. Сондықтан, болашағымызды үлкен үмітпен, бақытпен қарсы алайық»,-деді Елбасы.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылы елордада орналасқан барлық 17 шыршаның шамдары бір мезгелде жағылды. Еліміздің жаңажылдық Бас шыршасының биіктігі 30 метр. Сонымен қатар, қаладағы басқа да жаңажылдық шыршалар 6-дан 25 метрге дейінгі биіктікті құрайды.