Елбасының кемел ойлы пайымдауы - қоғамға жол сілтер бағдарлама - Д.Сүлейменова, тарихшы-ұстаз, БҚО

ОРАЛ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың студент жастарға арналған дәрісі барша халықтың көкейінде жүрген ойын тұжырымдағандай болды десек, қате емес.

Елбасының кемел ойлы пайымдауы - қоғамға жол сілтер бағдарлама - Д.Сүлейменова, тарихшы-ұстаз, БҚО

Бұл - дер кезінде айтылған кемел ойлы пайымдау. Тіпті пайымдау ғана емес, қоғамға жол сілтер бағдарлама да. Бұл туралы Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова мәлім етті.

Оның пайымдауынша, бұған себеп, болашақ жастардың қолында. Сондықтан бүгінгі жастар әрі білімді, әрі тәрбиелі, әрі әлемдік деңгейде ел мүддесін қорғай және мүлтіксіз дамыта алатындай болуы керек. Дәріс барысында Елбасы мектептер мен орта, арнаулы, жоғарғы оқу орындарының шәкірттеріне ой тастайтын мәселелерге тоқталды.

«Келешекте мемлекетті де, ғылым-өндіріс салаларын да басқаратын қазіргі ғаламтор мен компьютер жанында отырғандар емес, жүйелі түрде әдеби, ғылыми-әдістемелік әдебиеттер мен басылымды-ақпарат құралдарын оқитындар болады» деп атап көрсетті. Өте дұрыс. Себебі тиянақты оқып, тарихи оқиғаларды сараптап-саралайтын, ойын жүйелі жеткізе алатын жастар азайып барады.

«Елбасы жастарды, жалпы барша халықты бірлікке, түсіністікке шақырды. Атақты Сүлеймен патша айтқандай: "Кемедегінің жаны бір». Біз, ел халқы, бір кемедегі адамдармыз. «Демек, орыс, қазақ, өзге» деп ұлтқа, не жүзге, руға бөлінуге болмайды» деген пікірі өте орынды.

Қазақ даналығы "Жақсы сөз - жарым ырыс" дейді. Еліміз тыныш, халқымыз қуатты, жастарымыз білімді де білікті болсын!», деп түйіндеді ойын Д.Сүлейменова.