Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді батысқазақстандық әскери қызметкерлер де қолдайды

ОРАЛ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді ҚР ІІМ ішкі әскерлері Батыс құрамасының әскери қызметкерлері де қолдайды. Бұл туралы құраманың баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сұлтанов мәлім етті.

Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді батысқазақстандық әскери қызметкерлер де қолдайды

Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қарулы күштерге үнемі қамқорлық көрсетіп келеді. Оның саяси шешімдері мен нақты іс-әрекеттері қазақстандық әскердің нығаюына, екінші жағынан, Қазақстан үшін қолайлы сыртқы саяси жағдайдың қалыптасуына, алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасының жақсара түсуіне ықпал етті. «Еліміздің сыртқы және ішкі саясатының одан әрі беки түсетініне сенеміз. Мұны Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тиімді түрде жүзеге асыра алады. Бұл пікірмен менімен бірге қызмет ететін әскерилермен қатар қазақстандықтардың басым көпшілігі келісетіні күмәнсіз. Сондықтан референдум өтетініне, оның қорытындылары бойынша Елбасымыздың өкілеттілігі 2020 жылға дейін ұзартылатынына өз басым сенімдімін. Бұл өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін Қазақ елі үшін өте-мөте қажет», деді Е.Сұлтанов.