Елбасының жетекшілігімен еліміз аз жылда айбыны артқан елге, қуатты ұлтқа айналды - Махамбет Бейдәлі
АЛМАТЫ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - "Елбасымыз, партиямыздың төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігімен еліміз аз жылда айбыны артқан елге, қуатты ұлтқа айналды. .
Президентіміз өз Жолдауында айтқандай бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жаста жеттік" - деді "Нұр Отан" ХДП-ның Алматыдағы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Махамбет Бейдәлі бүгін Алматыда "Тәуелсіз Қазақстан: жетістіктері мен болашағы" деген тақырыппен өткен ғылыми-теориялық конференцияда.
Оның айтуынша, маңызды, саяси құжатқа тек қазақстандықтар ғана емес, шет мемлекеттер де зор ықылас, қызығушылықтарын танытуда.
Махамбет Бейдәлі "Елбасы биылғы Жолдауында ел дамуының негізгі басымдылықтарын атап өтті" деді. "Еліміздің әр тұрғыны сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алады. Бүкіл еліміздің аймағындағы кез-келген отбасының сапалы білім алуы бала-бақшадан бастап, жоғарғы оқу орнына дейін аралықты қамтитын болады. Мемлекетімізде тұрғын үй-коммуналдық қызметінің сапасы да артып келеді. Зейнеткерлер, мүгедектер және әлеуметтік жағдайы төмен жанұялар сенімді қорғалуда. Біздің болашағымыз болып табылатын жастарға да ерекше көңіл бөлінді. Олар өздерінің болашағын құруға жаңа мүмкіндіктер алатын болады",-деп атап өтті ол.
Ол сондай-ақ, Елбасы бұл Жолдауда ел экономикасының тұрақты дамуына арналған ерекше идеялар мен бастамаларды, нақты міндеттерді ұсынды деп атап өтті. "Жолдауда ел Президенті мемлекетіміздің индустриалды-инновациялық дамуға ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Жолдауда модернизациялаудың негізгі жолы анықталып берілді",-деді. Оның айтуынша, Елбасының халыққа Жолдауы нақты жоспарлар болып табылады. "Оның орындалуы еліміздің экономикасын сапалы деңгейге көтеруге ықпалын тигізері сөзсіз. Экономикамыз жақсарса, халықтың жағдайы да жақсарады",-деді ол.
Өз сөзін қорытындылаған Махамбет Бейдәлі жиынның соңында: "2030 жылға дейінгі даму стратегиясында анықталған басты мақсатымыздың жолында бәріміз күш жұмылдырып, тәуелсіздік, көркею, Қазақстанның саяси тұрақтылығы мақсатындағы өзіміздің миссиямызды сәтті орындайық, ағайын!",-деді.